Полицейлер жол апатынан зардап шеккендер үшін қан тапсырды
Қостанай полицейлері жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккендерге донорлық қан тапсыру акциясына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күні қарсаңында Қостанай қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері ерікті түрде донорлық қан тапсыру акциясына қатысты.
Іс-шара 11-17 қараша аралығында өтетін және жолдардағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған «Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды.
17 қызметкер апаттардан зардап шеккендерге көмектесу үшін қан тапсыруға ниет білдірді. Акция бесінші жыл қатарынан өткізіліп келеді және полиция қызметкерлері арасында ғана емес, қала тұрғындары арасында да қолдау тапты.
Өкінішке қарай, біз апаттың қайғылы салдарын жиі кездестіреміз және донорлық қан өмірді сақтауда шешуші рөл атқарады. Акция жол қауіпсіздік апталығымен тұспа — тұс келді, бұл жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығына назар аударуға қосымша мүмкіндік береді, - деп атап өтті Жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға инспекторы Эльмира Испандьярова.
Биыл Қостанай полицейлері қиыншылыққа тап болған адамдарға көмектесуге және жолдардағы қауіпсіздікке үлес қосуға дайын екендіктерін тағы да дәлелдеді.
Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күні қарашаның үшінші жексенбісінде атап өтіледі, Биыл бұл күн -17 қарашаға белгіленген.