Полицейлер төлем терминалын бұзған күдіктіні ұстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Келес АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданған.

Оның айтуынша, белгісіз біреу азық-түлік дүкенінің алдында тұрған төлемақы қабылдау терминалын бұзып, ақша ұрлаған. Жәбірленуші ер адамға келтірілген шығынның жалпы көлемі 40 мың теңгеге жуықтады. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Келес АПБ-ға ҚР ҚК-нің 188-бабының «Ұрлық» бойынша тіркеп, іздестіру іс-шараларына кірісті.

Қылмысты ашу мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлар қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы аумақты аралап, куәгерлерден жауап алып, қылмыс орны мен бейнебақылау камераларын мұқият тексеріп шықты. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, 1 тәулік ішінде келестік полицейлер күдіктіні ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Полиция қызметкерлері жас жігіттен терминалды бұзуға қолданған балға және басқа да айғақты заттарды тәркіледі.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

Өз кезегінде тәртіп сақшылары Түркістан облысының тұрғындарына қырағы болуға және өз мүлкін қараусыз қалдырмауға кеңес береді.

Дүкенге, үй-жайларға немесе үйлерге кіреберістерде бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнату қажет. Сондай-ақ, полицейлер ұрлық болдырмау үшін дүкендердің терезелері мен есіктерін темір торлармен және сенімді құлыптармен нығайтуға кеңес береді. Егер де, сіз, осындай қандай да бір қылмыстық қол сұғушылықтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада «102» телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз - деді полицейлер.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы