Полицейлер “Татулық – тәуелсіздіктің тірегі” акциясын өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ІІМ мемлекеттік тілді жетік меңгерген полиция қатарындағы өзге ұлт өкілдері арасында “Татулық – тәуелсіздіктің тірегі” акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Полицияда түрлі ұлт өкілдері қызмет етеді. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Министрлік “Татулық – тәуелсіздіктің тірегі” тақырыбында патриоттық іс-шара өткізді. Ішкі істер органдарының қазақ тілін жетік меңгерген 19 қызметкері елордаға еліміздің түкпір-түкпірінен келді.

Шара мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсету, мемлекеттік тілді насихаттаумен қатар ішкі істер органдарында тілдік ортаны қалыптастыруды мақсат тұтады.

Тілді меңгеру үшін тілдік орта қажет. Мен қайда жүрсем де, жолдастарыммен де, бейтаныс адамдармен де қазақша сөйлеуге тырысамын. Осы арқылы тілімді жаттықтырамын. Тілді білгеннің пайдасы зор. Достарым көбейді. Ақпарат пен жаңалықтар қолжетімді болды. Өзімді рухани бай адам ретінде сезінемін. Тіл халықтың мәдениетін, болмысын айшықтайды. Әрбір қазақстандық азамат мемлекеттік тілді оқып үйренуге міндетті, – деді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ефрейторы Александр Нетесов. 

Ал екінші қатысушы, алматылық патрульдік полиция полкі қызметінің инспекторы Виталий Максимов қызмет бабы мемлекеттік тілді білуді қажет етеді дейді. Себебі инспектор әрдайым адамдармен байланыста.

Сөйлескенде қиналмаймын. Орын алған құқықбұзушылық туралы істі сотқа жолдағанда да бәрі түсінікті әрі жеңіл, – деді тәртіп сақшысы. 

Қатысушыларға мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтіп, үйренуге деген ықыласы, қазақ тілінің мәртебесін арттыруға және әртүрлі ұлт өкілдері арасында татулық пен ынтымақтастықты нығайту ісіне үлес қосқаны үшін ІІМ грамоталары мен алғыс хаттары табысталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы