Полицейлер Самара-Шымкент тас жолында 260-тан астам адамды құтқарды
Астана, BAQ.KZ. Сыр өңірінің полицейлері көктайғақ салдарынан жол жиегіне шығып кеткен 122 автокөлік жүргізушілеріне көмек көрсетті.
«Күні кеше Қызылорда облысы өңірінде нөсерлеп жауған жаңбырдан соң қар жауып, салдарынан тас жолдар көк мұзға оранды. Осының салдарынан бүгін түнгі сағат 00:05-тен бастап республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» тас жолының Қызылорда қаласынан Төретам ауылына дейін аралығында барлық көлік құралының қозғалысына жол жабылды», - деп хабарлады Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Өз кезегінде қызылордалық полицейлер күшейтілген кезекшілікке қызметке түсті. Жол қауіпсіздігін және сәтсіздік жағдайлардың алдын алу мақсатында олар барлығы 122 автокөлік, оның ішінде 52 шетел автокөлігін, «Ресей - Шымкент» бағытындағы «Сетра» маркалы автобус жүргізушілері мен жолаушыларын жақын аймақтағы шайханалар мен дәмханаларға барлығы шамамен 267 азаматты орналастырды.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, жол бетіне мұздың қатуы салдарынан жол жиегінен шығып кеткен 20 автокөлікке көмек көрсетілді. Мәселен, «Самара-Шымкент» тас жолының Қармақшы ауданы тұсында Ақтөбе-Шымкент қаласына бағыт алып келе жатып, жолдан шығып кеткен «Шевроле Круз» маркалы автокөлігіне дер кезінде көмек көрсетілді.
Сонымен қатар, рота инспекторлары «Самара-Шымкент» тас жолы бағытында әртүрлі техникалық ақауларға байланысты тұрып қалған 2 автокөліктің жүргізушілері мен жолаушыларына алғашқы көмек көрсетіп, автокөліктерінің ақауларын жөндеу мақсатында жақын маңда орналасқан кешендерге жеткізді.
Айта кетерлік жайт, республикалық маңызы бар жолдар бойындағы сервис нысандарының көптеп орналасуы ауа райының қолайсыздығы салдарынан туындаған жағдайларда жолаушылар мен автокөлік жүргізушілеріне көмек көрсетуде үлкен септігін тигізуде.
Бүгінгі полиция қызметкерлері жүргізушілерге және жолаушыларға дер кезінде көмек көрсетуінің нәтижесінде олар сапарларын одан әрі жалғастырды.