Полицейлер рейд өткізу кезінде бірнеше көлік ұрысын ұстады

Полицейлер рейд өткізу кезінде бірнеше көлік ұрысын ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Автокөлікті айдап кету және ұрлау қылмысын азайту мақсатында ел аумағында “Автомобиль” республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Оған 4 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылды. Іс-шара барысында тәртіп сақшылары биыл ашылмаған 88 ұрлық және өткен жылдары жасалған 20 қылмысты ашты. Осылайша, пысықтау кезінде полицейлермен бірқатар сериялық автокөлік ұрысы анықталды. ​Мысалы, көлік ұрлығымен айналысқан Алматы облысы Талғар ауданының тұрғыны ұсталды. 

Ол Алматыда жалпы құны 30 млн теңгеге жуық болатын үш шетелдік көлікті ұрлаған.​Анықталғандай, күдікті пәтерлер мен үйлерді ұрлауға маманданған. Оның қылмыстық іс-әрекетінің ерекшелігі құнды заттармен бірге пәтер иелерінің көліктерінің кілттерін алып, оны ұрлап, сол көліктермен қылмыс орындарынан жасырынған. Кейіннен ол ұрланған автокөліктерді қарыздарын өтеу есебінен төмен бағамен сатқан. ​

Сондай-ақ алматылық полицейлер Жетісу облысы Үшарал қаласының тұрғынын құрықтады. Ол өткен жылдың қазан айынан бастап Аudi маркалы 10 автокөлікті ұрлап әкеткен. Көліктердің көп бөлігі табылып, иелеріне қайтарылды. ​Бұдан бөлек Алматы қаласының жедел қызметкерлерімен рецидивист-автоұры ұсталды. Күдікті бір ай ішінде жалпы сомасы 6 млн теңгеден астам түрлі маркалы 5 автокөлік ұрлағанын мойындады. 

Ұрланған көліктер табылып, иелеріне табысталды. Жалпы, рейдтік іс-шаралар 584 бекетте жүзеге асырылды, олармен 20 мыңнан астам автокөлік тексеріліп, іздеуде жүрген 12 көлік анықталды. Сондай-ақ 2,7 мыңға жуық автокөлік бөлшектерін талдау және өткізу пункттері тексеріліп, нәтижесінде ұрланған қосалқы бөлшектерді өткізудің 5 фактісі белгілі болды. Қазіргі таңда көлік ұрлау, ұрланған автокөлік бөлшектерін өткізу фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыскерлерге қатысты бұлтартпау шарасы – қамауға алу қолданылды. 

ІІМ көліктерді ұрылардан сақтау үшін келесіні ұсынады: 

– көлікті есіктері ашық күйінде және кілттерімен қалдырмау қажет, қысқа уақытқа болса да; 

– көлікті түнде қауіпсіз немесе камералар бар жерлерге қойыңыз;

 – ұрлыққа қарсы электрондық және механикалық құрылғылар мен GPS маяктарын орнатыңыз; 

– автокөлік салонында құжаттар мен құнды заттарды қалдырмаңыз;

 – жеке тұлғалардан автокөлік сатып алғанда, құқық белгілейтін құжаттарды тапсыруды талап етіңіз.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы