Полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған қызды құтқарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған қызды тұрғын үйдің алтыншы қабатындағы балконда тұрған жерінен құтқарып қалды, деп хабарланды Polisia.kz сайтында.

23 сәуір күні Нұр-сұлтан қалалық жедел басқару орталығының 102 нөміріне тұрғындардан хабарлама келіп түседі. Тұрғындар Қонаев көшесіндегі тұрғын үйдегі 6-қабаттың балконында тұрған қыз өзін-өзі өлтіруге әрекеттенгені туралы айтты.


Үш минут ішінде оқиға орнына патрульдік полиция полкінің инспекторлары Берік Аққозов пен Фархад Төкенов құрамындағы полиция наряды келіп жетті. Оқиға болған жерде олар шын мәнінде балконның сыртқы әйнектелген бөлігінен аяғын көтеріп, төмен секіруге дайын тұрған қызды көреді.

Осы кезде полицейлер тез арада қызбен сөйлесу қажет екендігін түсінеді. Фархад Төкенов қызды мұндай іске бармауға көндіру үшін балконның астында  қалады. Екінші полиция қызметкері алтыншы қабатқа көтеріліп, уақытты босқа жоғалтпай, құлыпқа жабылған есікті сындырады.

Мұндай жағдайда әрбір секунд маңызды. Қыз өз-өзіне қол жұмсауға нақты шешім қабылдағанын көрдім. Мен қылтиманың терезесіне жақындап, оны шалбарындағы белбеуінен ұстап, аяғынан тартып қалдым. Осы сәтте екеуміздің де өміріміз қыл үстінде тұрғанын сездім. Мен полиция қызметкері ретінде тез шешім қабылдап, оны тартып алдым. Адам өмірін сақтап қалуға тиіс болдым, - деді Берік Аққозов.

Қызды құтқарған полиция қызметкері оны пәтеріне кіргізген.

Кейіннен Нұр-Сұлтан қаласының 24 жасар тұрғынын өз-өзіне қол жұмсамақ болғаны үшін "Байқоңыр" ауданының полиция басқармасына істің анық-қанығын тексеру үшін жеткізілген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы