Полицейлер қарт күзетшіні құтқарды
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев Республикалық ақпараттық штабта су тасқыны салдарын жою үшін полицейлер қандай жұмыс атқарып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанда су тасқыны салдарын жою жалғасып жатыр. Оның ішінде авариялық-құтқару жұмыстары, суды сору, қап төсеу, каналдар мен арық жүйелерін нығайту, қауіп туралы ескерту және адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялау.
Ішкі істер органдарының қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр. ІІМ мен өңірлік департаменттерде жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Құтқару және су тасқынына қарсы іс-шараларға 5 мыңнан астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшісі, сонымен қатар ІІМ оқу орындарының курсанттары қатысып жатыр, - деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев брифингте.
Оның сөзінше, полиция ведомствосының 762 техникасы жұмылдырылды. Біздің қызметкерлер 10 мың метр арықты тазартып, 399 мың қап төседі.
ІІМ күшімен бүгінгі күнге дейін 25 мың адам эвакуацияланып, оның ішінде 426 азамат тікұшақ техникасымен құтқарылды.
Мысалы, Петропавлда полицейлер су қоршауында қалған егде жастағы күзетшіні құтқарды. Судың қатты ағысы ер адамды құрлықтан алыстатып әкеткен. Оның әріптестері тез арада полиция қызметкерлеріне жүгінген.
Полиция майоры Жақсылық Байбосынов, полиция капитаны Азат Исаев және полиция сержанты Нұрлан Кокабаев қайықпен қатты ағысты еңсеріп, тұрғынды құтқарып алып шықты. Жалпы құтқару операциясы 8 минутты құрады.
Батыс Қазақстан облысында Зашаған полиция бөлімінің аға учаскелік инспекторы Дидар Өтепов су басып қалған үйдің төбесінде отырған адамды құтқарды.
Анықталғандай, ер адам саяжайда екі күн бойы болған. Кейін оның телефонының қуаты сөніп қалып, әйелі дабыл қағып, іздей бастаған.
Атырау облысының Құлсары қаласында полиция майоры Нұрлан Жангелов пен полиция лейтенанты Бауыржан Тасекенов су қоршауынан 4 баласы мен әйелді құтқарды. Тәртіп сақшылары балаларды көтеріп, қауіпсіз жерге шығарған, - деп ол полицейлердің мақтан тұтатын әрекеттерін айтты.
Оның сөзінше, су басқан өңірлерде патрульдеу және кезекшілік 24/7, яғни тәулік бойы жүргізіліп жатыр.