Полицейлер үндеу жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы жылдың бесінші шілдесінен бастап мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының күшейтілген карантин режимін қайта енгізгені белгілі. Өйткені соңғы кездері киелі өңір Түркістанда да індет өршіп, дәрі дәрмектің жетіспеушілігі сезілген. 

Дәл осындай қиын қыстау кезде Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков азаматтарды сабырлық пен сақтыққа шақырды.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасымен, мемлекетіміздің бас санитарлық дәрігер қаулысымен шілде айындағы карантин режимі қатаңдатылып енгізілген болатын. Себебі індет ілмегіне ілінушілер саны  артып кетті. Оған қоса пневмония ауруы да кейбір иммунитеті әлсіздерге кенедей жабысып,  ақырында келмеске  кетірді. Дәріханалардағы  дәрі-дәрмек тапшылығы да дау туғызуда. Халыққа аса қажет екенін білсе де, кейбір кәсіпкерлер дәрі-дәрмек бағасын үстемелеп, заңсыз саудалауда.Той томалақ ұйымдастыруға рұқсат етілмесе де, індетті ескермегендер бас қосып,  карантин талаптарын бұзды. Бір сөзбен айтқанда, мұның барлығы індеттің өршуіне себеп болды. Бесінші шілдеден бері біз осындай мәселелерді болдырмау, құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар жұмыстарды атқардық, - делінген үндеуде.

Сондай-ақ әлеуметтік желіні теріс пиғыл үшін пайдаланып жалған ақпар таратушыларды да анықтадық. Оларды да тәулік бойы үздіксіз жасалған жұмыстар мен тексерулердің нәтижесінде таптық. Қысқасы полицияда  сіздердің аман саулықтарыңыз үшін заң аясындағы қыруар істер атқарылуда,  атқарыла береді де. Алайда адамдар арасында карантин талаптарын ұдайы ескертсек де  елемеушілік жалғасуда. 

Сақтық шараларын ұстанбай, салғырттық танытып жатқандар да жеткілікті. Сондықтан жанашырларыңыз ретінде сіздерді індет басылғанша тағы да сабырлыққа шақыруды жөн көріп отырмын. Әлеуметтік желідегі фэйсбук парақшамда карантинге байланысты ескертіп, дәлелді деректермен бөлісіп жүргенімнен хабардарсыздар.  Алайда күн өткен сайын,  заңға қайшы келіп жатқандардың азаймауы көңілімді қынжылтып, сіздерге үндеу жолдауыма себеп болды.

Сондықтан әрбіріңіз бірінші  кезекте өзіңіз үшін ең қауіпсіз жерде, яғни үйіңізде жақындарыңызбен бірге болыңыз. Мүмкіндігінше мүлде той жиын жасамаңыз. "Өмір алда, жақсылықтың ерте кеші жоқ" деген тіркесті жиі естіп жатамыз. Сол үшін жиыныңызды бұл жолы болмаса, келесіге, бейбіт күндердің еншісіне қалдырыңыз. Ал мәжбүрліктен  сыртқа шығуға тура келсе онда сіздерге берер кеңесім - сақтық шараларын қатаң ұстаныңыз! Маскалық режимде болуды отбасыңызбен әдетке айналдырыңыз.Әлеуметтік желіге кіруге, жаңалық көруге уақыты бола бермейтін, күйбең тірліктің соңында жүрген жандарға да сақтықта қорлық жоқ екенін ескертіңіз.  Естімегендерге естіртіңіз, ескермегендерге ескертіңіз. Бастысы баршамыз бірге заңға бағынайық, сол арқылы баянды болашаққа бірге жол тартайық. Сіздердің қауіпсіздіктеріңіз біз үшін маңызды.Сіз үйде болыңыз, ал біз сіз үшін жұмыс жасаймыз, - деді бас полицей.

Естеріңізге сала кетсек, бесінші шілдеден бастап енгізілген карантин талаптарына қарамастан облыс көлемінде той жиын жасаушылар саны азаймаған. Мәселен жиырма үш күннің ішінде сақшылар облыс көлемінде төтенше жағдай талаптарын бұзған 472 жайтты және дәрі- дәрмекті заңсыз сатудың 50 жайтын анықтады. Осылайша аталған жайттарға байланысты құжаттар заңды шешім шығарылу үшін сотқа жолданған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы