Елордалық полицейлер 1,5 тонна түрлі-түсті металл тәркіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық полицейлер темір ұрлығымен күресу жұмысын жалғастыруда. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті темір ұрлығын (кәріз қақпаларын, сымдар, темір шарбақтар, аккумулятор батареялары және т.б.) болдырмау мақсатында темір қабылдау орындарын үнемі тексеріп тұрады.

2019 жылдың 27 шілдесінде темір қабылдау орындарын тексеру кезінде 10-нан астам темір түрін, оның ішінде 1,5 тонна түрлі-түсті темір, 8 темір қақпа, 12 аккумулятор тәркіленді. Фахд бен Абдул Азиз көшесіндегі үйдің жанынан бөлшектелген кран, ал  Дулатов көшесіндегі қабылдау орнынан – Mitsubishi көлігінің кузовы табылды. Тәркіленген заттар бойынша тексеріс жүргізілуде. Тексеріс барысында кәріз қақпалары анықталған жоқ. 

Көркейту ережелері және көші-қон заңнамасын бұзғандары үшін 20 әкімшілік хаттама толтырылды. Тиісті құжаттамасыз темір қабылдау орнының 2 иесі ҚР Әкімшілік кодексінің 463-бабы бойынша әкімшілік жазаға тартылды.  

ҚР ҚК-нің 188-бабы (ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеріс барысында Өндіріс көшесінде орналасқан темір қабылдау орнында темір қақпа мен Volkswagen маркалы көліктің кузовы табылды. ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша (ұрлық) тергеу жүргізілуде. Заттай айғақтар тәркіленді.  

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ұрланған заттарды сатып алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы