Полицейлер бірнеше алаяқтық пен ұрлық жасаған жігітті ұстады

Елорданың «Сарыарқа» ауданы ПБ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бірнеше қылмыс жасады деген күдікпен 22 жастағы жігітті ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Белгілі болғандай, жас жігіт биыл наурыз айында Павлодар қаласынан елордаға жұмыс жасау үшін келеді. Нәжімеденов көшесіндегі балалар ойыншығын сататын дүкенде жұмыс істеп, дүкеннің «Instagram» парақшасы арқылы клиенттерге тауарларды сатады. Алайда, ер адам тауардың ақшасын өзінің әпкесінің шотына аудартқызған. Ештеңеден күдіктенбеген дүкен иесі Алматы қаласына дүкенін көшіріп, жігітті сол қызметінде қалдырады.        

Күдікті мұнда да тауарларды әлеуметтік желі арқылы сатып, ақшасын қалтасына салған және клиенттерді де алдап, олардан алдын ала төлем алып, тауарды бермеген. Кейін дүкен иесінің сеніміне кіріп, одан қарызға 1 млн теңге алып, Павлодар қаласына кетіп қалған. 

Қазіргі уақытта ұсталған азаматқа қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Ол кінәсін мойындады. Полицейлер елорда аумағындағы осыған ұқсас фактілерге қатысы бар-жоғын тексеруде. 

Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға сақ болуға, бейтаныс адамдарға ақша бермеуге, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы