Полицейлер 30 жылдан бері іздеуде жүрген кісі өлтірген күдіктіні ұстады
ІІМ 30 жылдан бері іздеуде жүрген кісі өлтірген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апта сайынғы онлайн брифингінде ІІМ ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты.
ІІМ ТМД елдерімен бірлескен «іздестіру» операциясы жүргізді. Осы операция аясында бірқатар қылмыс ашылды.
Операция барысында республиканың криминалдық полиция қызметкерлері аса ауыр және ауыр қылмыстар жасағаны үшін іздеуде жүрген қылмыскерлерді ұстау бойынша бірқатар арнайы операция ұйымдастырды.
Мәселен, Жамбыл облысының Қордай ауданында полиция қызметкерлері былтырдың қараша айынан бері іздеуде жүрген жергілікті тұрғынды анықтап ұстады. Ол Алматы қаласының түнгі клубының жанында бейтаныс адамға қасақана пышақ салып өлтірген. Қарағанды облысының Шахтинск қаласында жедел қызметкерлер Ресей Федерациясының Алтай өлкесінің полициясы қарақшылық шабуыл кезінде кісі өлтіргені үшін 2002 жылдан бері іздестіріп жүрген 42 жастағы ресейлікті анықтап, қолына кісен салды, - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Сонымен бірге Қостанай қаласында былтырғы желтоқсан айынан бастап Санкт-Петербург полициясы бопсалағаны үшін іздеуде жүрген әйелді ұстады.
Сонымен қатар ТМД елдерінің аумағындағы операция барысында ішкі істер органдарының қызметкерлері мемлекетіміздің құқық қорғау органдары іздеген адамдарды тұтқындады. Шемонаиха ауданының Первомайск кентіндегі саябақта әйелмен бірге арық ішіп, жыныстық қатынастан соң өлтіргені үшін 1994 жылдан бері іздеуде жүрген Шығыс Қазақстан облысының 62 жастағы тұрғыны Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде құрықталды, - деп түсіндірді ІІМ ресми өкілі брифингте.
Оның берген мәліметінше, операцияның 2 күнінің қорытындысы бойынша іздеуде жүрген барлығы 290 қылмыскер анықталды және ұсталды, оның ішінде республикадан тыс жерлерде – 19, Достастық елдері үшін – 137 қылмыскер құрықталды.
Сонымен қатар полиция хабар-ошарсыз кеткен 79 адамның орналасқан жерін анықтады.