Полицейге тіл тигізген әйел 60 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды
Талдықорған, BAQ.KZ. Алматы облысының орталығында 56 жастағы әйел Талдықорған қалалық сотының шешімімен 60 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылды. Жазасын өтеушіге ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы 1-тармағына сәйкес полиция қызметкерін қорлауға жол берген деген айып тағылды.
Оқиға 2018 жылғы мамырда Талдықорған қаласында орын алған. Учаскелік полиция инспекторы қоғамдық орында мас күйінде жүрген әйелді ұстайды. Заңнама талабына сәйкес тәртіп сақшысы аталған азаматшаға медициналық тексеруден өту қажеттігін түсіндіреді. Дегенмен, 56 жастағы әйел учаскелік инспектордың талабын орындаудан бас тартып, билік өкілін өз қызметтерін атқару кезінде әдепсіз сөздермен балағаттаған.
«Аңдамай сойлеген ауырмай өледі» демекші, тәртіп сақшысының ескертуін елемеген қала тұрғынының қылығына қатысты учаскелік полиция инспекторы тиісті хаттама толтырылып, сотқа жолдайды.
Бұл істі қараған Талдықорған қаласының соты А. есімді 56 жастағы қала тұрғынын билік өкілін қорлау дерегі бойынша кінәлі деп тауып, 60 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту туралы шешім қабылдады. Сотта айыпталушы өз кінәсін толығымен мойындады.
Пробация бөлімінің ақпаратына сәйкес, қала тұрғыны сотпен белгіленген 60 сағаттық жұмысты толығымен өтеп, қаланы безендіру жұмыстарымен айналысады.
«Өңірде соңғы екі жылда ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы бойынша билік өкілін қорлау дерегі артқан. Айта кетейік, өз қызметін атқару кезінде билік өкілін қорлауға жол берген азаматтар ҚР Қылмыстық кодексінің талабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Атап айтсақ, 2017 жылы 115 дерек тіркелсе, 2018 жылы 156 факті орын алған. Аталған фактілердің ешқайсысы ескерусіз қалған жоқ. Барлығы бойынша қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер жауапкершілікке тартылды»,- дейді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алматы облысының полицейлері құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы екі бөліктен тұратынын және айыппұл мен қоғамдық жұмысқа тартудан бастап қырық тәулікке дейін қамаққа алуға дейінгі жауапкершілікті көздейтінін ескертеді.