Полицей: Иығыма тезірек погон таққанша асықтым
Бүгін елімізде мемлекеттік қызметшілер мен полицейлер кәсіби мерекесін атап өтіп жатыр. Осыған орай BAQ.KZ тілшісі ІІМ Штаб-департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Әлия Дүйсековамен сұқбаттасты.
Алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Ішкі істер органдары саласына қалай келдіңіз?
Мен Алматы қаласында туып өстім. Ішкі істер органдарына ерте келдім. Ол кезде небәрі 17 жаста едім. Анамның ақыл-кеңесін тыңдап, полицияда жұмыс істеуге бел будым. Еңбек жолын Күзет қызметінде кеңсе қызметкері болып бастадым.
Бала кезімнен погон таққан адамдар ұнайтын, атам кеңес милициясында қызмет атқарды.
1996 жылы Мемлекеттік тергеу комитеті құрылған болатын. Сол жылдары менің тәлімгерлік еткен, ақылшы ардагер әпкелеріміздің бірі Жүнісбекова Роза Ауханқызы мені орталық аппараттың кезекші бөліміне ұсынды.
Мемлекеттік тергеу комитетінің кезекші бөлімінде мен өзімнің алғашқы погонымды алдым. Әу бастағы арманым погонды қызметкер болу еді... Иығыма тезірек погон таққанша асықтым.
1997 жылы астанамыз Алматыдан Ақмолаға көшкен кезде маған жаңа астанаға баруға ұсыныс түсті. Ол кезде жаңа астана Ақмолада барлық мемлекеттік органда мамандар жетіспеді, алматылықтардың көбі Ақмолаға барғысы келмеді. Ал мен арман қуып, жастық жалынмен жаңа астанаға келдім.
Біздің жас астанамыздың қарқынды дамуымен және өсуімен қатар, менің де тұлға ретінде, полицей ретінде, маман ретінде қалыптасуым қатар жүрді.
Астана маған өте ыстық, өйткені мен осы әсем, жас астанадамызда өзімнің өмірлік серігімді кездестіріп, отбасымды құрдым кейін ана болып, екі сүйкімді ұлдарымды дүниеге әкелдім.
Осы саланың маманы болуға бел буған адамның бойында қандай да бір ерекше қабілеттер мен дағдылар болуы керек пе?
Полицей болу оңай емес. Әсіресе қазір, өйткені қоғам полицияға үлкен сенім артады, жоғары талаптар қояды.
Жалпы адамдармен жұмыс істеу – бұл үлкен жауапты процесс.
Полиция маманы күнделікті адамдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қылмыстар мен оқиғаларды ашуда олар жәбірленушілермен, қылмыскерлермен, кәугерлермен, есепте тұрған адамдармен, құқықбұзушылармен, қауіп-қатер тобындағы адамдармен тіпті бей-жай қарамайтын азаматтармен тілдесіп, қарым-қатынас жасайды. Осындай адамдармен дұрыс байланыс жасау көп қабілетті талап етеді.
Атап айтқанда, шешім қабылдау кезінде құзыреттілігінің болуы, қиын жағдай туындағанда – төзімділік пен шыдамдылық, қауіп-қатер жағдайда – батылдық, дау-дамай жағдайларды реттеуде – даналық, сондай-ақ адамгершілік, сезімталдық, адалдық, тәртіптік және тағы басқа көп қабілеттер қажет.
Полицейдің отбасы, балалары бар. Ол оларға да көңіл бөліп, өзінің отбасындағы міндеттерін орындау керек. Өз балаларына үлгі болып, жарына қамқор болу керек.
Әрине адамға кейбір қасиеттер дүниеге келгеннен беріледі, кейін отбасында алған тәрбие өнегесі, одан кейін қоршаған ортасы да ықпал етеді.
Ал өзіме қатыстысын айтатын болсам, полициядағы қызметім мені қойылған міндеттерді тиімді іске асыруға бағытталған тәртіптілікті, жауапкершілікті, ұқыптылықты және басқа да көп жақсы қасиеттерімнің дамуына ықпал еткені сөзсіз.
Осы барлық қасиеттерім алынған тәжірибеммен ұласып, оның ішінде жұмыс барысында Марат Әбдіхалықұлы Бұқанов, Мұхтархан Ақанұлы Бексұлтанов, Всеволод Всеволодович Панасенко сияқты нағыз өз маманының иелері, білікті, білімді аналитиктер мен стратегтер, профессионал адамдармен жұмыс істеуім менің қатардағы қызметкерден министрліктің орталық аппаратының басшысына дейін кәсіби өсуіме ықпал етті.
Өмірлік тәжірибемді ескере отырып, өзімнің үлкен ұлымның мінез-құлқын, қабілетін бағалай отырып баламның мамандық таңдау кезінде оған әскери мамандықтарды қарауына, көңіл аударуына кеңес бердім. Ол менің кеңесіме құлақ асып, қазір әскери жоғарғы оқу орнының курсанты.
Жұмысыңыздағы ең қызықты сәттер…
Қандай да бір белгілі кезең әсіресе қызықты немесе маңызды болды деп айту қиын.
Жұмыстағы 27 жылдық тәжірибемнен дамуымның әр кезеңі өзіндік ерекшеліктерге ие болды және бір нәрсемен белгіленді деп айта аламын.
Погондағы адамдарға бұл кезеңдерді байланыстыру оңайырақ шығар, ол ең алдымен белгілі арнаулы атақпен байланысты болады.
Менде қалай болғанын айтайын.
Лейтенат атағында – үлкендердің айтқандарын тыңдап, олардың бәрін есіңде сақтап, бойына сіңіріп, бәріне «аузыңды ашып» қарайсың. Осы кезеңде тәлімгерінің құзыретті, білікті болуы өте маңызды. Бұл тұрғыда маған өте жақсы, өз маманының иелері болған тәлімгерлер кездесті.
Аға лейтенант білуді, үйренуді жалғастырады, бірақ өзіне сенімді болып, қанаты қатаяды.
Капитан, майор – ол басқа статус, тұлға болған.
Осы уақытта мен ана болдым. Осы кезеңде сен жұмысты да, үйді де, отбасыңды да, өзіңнің дамуыңды да бәрін қатар алып жүретін кезең болды. Бәріне үлгеру керексің.
Подполковник – бұл белгілі бір кемелдену кезеңі, бәрі айқын белгілі бір нәтижеге, дәрежеге келген сәт, соны сақтап, нығайту керек. Бұл кезеңде әрбір қабылдаған шешіміне жауапты боласың. Тәжірибемен бөлісесің, жастарды үйретесің – бұл да үлкен жауапкершілік. Өйткені жас қызметкерлердің дағдыларын қалыптастыруға көмектесесің.
Сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер ашылады. Көптеген таныс нәрсеге көзқарасың өзгереді, кейбір жағдайларды қайта бағалайсың.
Полковник атағында жүргеніме 4 жыл болды.
Бұл кезеңде де маман ретінде дамуың тоқтамайды.
Әлі де көп нәрсені зерделеу, сынақтан өткізу қажет.
Менің де арман-мақсаттарым бар. Кәсіби тұрғыда соларға қол жеткізу керекпін.
ХХІ ғасыр полицейлері қандай болуы керек?
ХХІ ғасыр полицейлері жұмысына адал, жауапкершілігіне берік, халық сенімінен шығатын, оларға әрқашанда көмектесуге дайын тұратын, кәсіби білікті маман иесі болу керек деп ойлаймын. Ол үшін барлық жағдай жасалған.
Әріптестерімді кәсіби мереке - Полиция күнімен құттықтаймын! Отбасыларыңа амандық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін! Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын!
Сұқбатыңызға рахмет!