Полицей балуан Сабыржан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан жұртшылығы оны «балуан» деп таниды. Полицей екенін бәрі бірдей білмейді. Ол – Сабыржан Әбілдаұлы. «Қазақстан барысы» балуандар сайысынан танылған азамат. Түркістан облысының полиция департаментінің оқу-жаттығу взводында қызмет етеді. Полиция капитаны әрі полиция балуаны.

Сабыржан Әбілдаұлы 1989 жылы 11 наурызда Түркістан облысының Отырар ауданына қарасты Көкмардан елдімекенінде дүниеге келген. Үш қыздан кейін дүние есігін ашқан жалғыз ұл. Әкесі Әбілда өмірден ерте озады. Сабыржан ерте есейеді. Жалғыз ұл анасының тірегіне айналады. «Үйдің кенжесімін» деп еркелеген жоқ.

Мектепті де үздік оқыды. 3 сыныптан бастап күреске қатысып, 7 сыныптан үлкен жарыстарға шықты. Қай жарыс болмасын, барлығында дерлік бас жүлдені бермеді. Мектепті үздік бітіріп, 2006 жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-не оқуға түсті. Дәлірегі, грант жеңіп алды. Осылайша, аталған университеттің «Алғашқы әскери дайындық» мамандығында оқыды. Студент бола жүріп көп жарысқа барды. Барлығынан жеңіспен оралды.

Спортты өмірінің айнымас серігіне айналдырған Сабыржанның студент кезіндегі жетістіктері жетерлік.

 

4 автокөлік мінген балуан-студент

 

2007 жылы Мәскеу қаласында өткен әлем біріншілігінің қола жүлдегері, 2008 жылы Йеменде өткен дзюдодан жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері, Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өткен жарыста самбо күресінен Азия чемпионы, самбо күресінен Орал қаласында өткен балуандар бәсекесінде жеңіске жеткен балуан.


Қазақ күресінен түйе балуандардың 4 темір тұлпарын қанжығасына байлаған балуан. Студент бола жүріп, 4 автокөлік мінген балуан.

2012 жылы Индияның Кочи қаласында өзбек күресінен Азия чемпионаты өтеді. Сол сайыста да жеңіске жетеді. Спорттың бес түрінен, атап айтқанда, самбо, қазақша күрес, дзюдо, белбеу күресі, кураштан спорт шебері атанған тәжірибелі маман. 2010 жылдан бастап 4 жыл қатарынан «Қазақстан барысы» балуандар сайысында бақ сынайды. Әр жылы үздік бестіктің қатарына кіреді.

 

Полиция департаментінің үздік спортшысы

 

2013 жылы ОҚО ішкі істер департаментіне қызметке келеді. Бірақ, Сабыржанның жеңісі мұнымен бітпейді. 2013 пен 2014 жылдары Ішкі істер органдарының қызметкерлері арасында самбодан өткен Қазақстан чемпионатында екі жыл қатарынан бас жүлдегер атанады. Ал 2015 жылы өзі қызмет атқарған Полиция департаментінің үздік спортшысы атағына ие болды.

Батыр балуанның жеңістерін, спорттағы сара жолын тізбектесек, өте көп.

"Өмірімде жақсы адамдарға жолығып, тәжірибелі мамандардан тәлім алдым. Спортқа баулыған бапкерімнің бірі –Нышанбек Бексұлтанов. Қазіргі таңда, Отырар ауданы №1 жасөспірімдерді спортқа баулу мекемесінің директоры. Ал, қазіргі бапкерім – Шымкент қаласында №10 спорт мектебінде жарыстың түрлі дүлдүлдерін дайындаған, 100 жаңа есімнің қатарына кірген - Құралбай Орынбасар. Спортқа алғаш келгеннен бастап жаттықтырып, жеңісті жолыма себепкер болған осы бапкерлердің мен үшін орны бөлек, еңбегі зор", - дейді Сабыржан Әбілдаұлы.

 

Полициядағы үздік қызметім де спорттың арқасы

 

Ол бүгінде Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы. Салмағы 115 келі. 28-29 сәуір күндері Шардара қаласында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесіне арналған «Қазақстан барысы» турнирінің облыстық іріктеуі кезінде жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сол жарысқа 32 балуан қатысып, бақ сынады. Жалпы бес кездесу өткізіп, шешуші ойынға шыққан Сабыржанды 2 қарсыласы аз басымдылықпен алдын орайды. Сөйтіп, үшінші орынға тұрақтады. Алайда, түйе балуанның үздік үштіктің қатарынан көрінуі кез-келген балуанның оң жамбасына келе бермейтін жетістік.


Түркістан облысының арманы асқақ балуаны мұнымен мойымайды. Жеңіс бар жерде жеңілістің де болатынын жақсы біледі.

"Әуелі Алланың қалауымен, сосын Полиция департаменті бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтің жан-жақты қолдауымен, спортқа қайта келдім. Себебі қолымнан жарақат алып, екі жылдай спорттан қол үзген едім. Енді сол кісілердің жан-жақты қолдауын сезінудемін. Өз атымнан ерекше алғысымды білдіремін", - дейді балуан.

Бүгінде Сабыржанның бабы жақсы. Түйе балуанның белдескенді жығып, жеңіс тұғырына жетерлік әлеуеті бар.

Қызметінде де үздік. Түркістан облысы полиция департаментінің оқу-жаттығу взводында еңбек етеді. Полиция капитаны шені тағы бар.

"Спорттың арқасында көп жетістікке жеттім. Қызметімде үздік болдым. Жұмыс барысындағы оқиғаларды ашып айта алмаймыз. Құпия. Бірақ, күрес тәсілдерін жетік меңгергенім талай қылмыскерді тырп еткізбей ұстауыма көмектесті", - дейді Сабыржан.

Осылай өз қызметі жайында құпиялығына байланысты ашып айта алмайтын, сырт жұрт – балуан деп танитын Сабыржан Әбілдаұлы бүгінде 30 жаста. Отбасылы. Бір қыз бен екі ұл өсіріп отыр.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы