Полицейлер ауылдасын пышақтаған қылмыскерді ұстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының полицейлері бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматты ауылдасына пышақ жарақатын салды деген күдікпен ұстады.

Оқиға 15 қыркүйек күні Сарқан ауданының Екіаша аулында орын алған. Екі тұрғынның арасында болған жанжал біреуінің ауыр жарақат алуымен аяқталды. 33 жастағы азамат ауруханаға пышақ жарақатымен түсіп, екіншісі қашып кеткен.

Полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабына сәйкес «Қасақана ауыр дене жарақатын келтіру» дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп, аталған қылмысқа қатысы бар күдіктінің мекенжайын анықтау мақсатында тиісті шаралар қабылдады.

«27 жастағы күдіктінің бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Ол туралы нұсқама барлық полиция бөлімшелеріне жолданды. Жедел топ күдіктінің соңына түсіп, оны Алматы қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен ұстады. Қазіргі уақытта күдікті Сарқан қаласына жеткізілді. Жергілікті полицейлер сотқа дейінгі тергеу ісін жүргізіп жатыр», - деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде полиция қызметкерлері қылмыс құралы болған пышақты тапты және оны қылмыстық айғақзат ретінде іс материалдарына тіркеді. Зардап шеккен ер адам әлі күнге дейін дәрігерлердің бақылауында.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы