Полицияның басшы құрамын даярлау факультеті ашылды - министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Халыққа жолдауында полицияның ашықтығын және халыққа жақын болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ол үшін ішкі істер органдарының кадрлық әлеуетін жоғарылату - басты бағыттардың бірі.

Осы орайда Ішкі істер министрлігінің М.Есболатов атындағы Алматы академиясында полицияның басшы құрамын даярлау факультеті ашылды. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев facebook-тегі парақшасында жазды.

Онлайн режимінде өткен осы маңызды шараға министр Ерлан Тұрғымбаев қатысып, алғашқы үміткерлерге сәттілік тіледі.

Президенттің тапсырмасы бойынша ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ол ең алдымен полицияның ашықтығын қамтамасыз етуге, азаматтардың сенім деңгейін арттыруға және олардың конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған. Осыған байланысты кадр жұмысына және тәртіп сақшыларының біліктілігін арттыруға үлкен мән беріледі, - деді ол. 
Оқу бағдарламасы 3 айға есептелген.

Жаңа факультеттің ашылуының алдында үлкен талдау жұмыстары жүргізілді. Ішкі істер министрліктерінің басшы құрамын даярлау бойынша арнайы оқу орындарының әлемдік практикасы зерделенді. Ұлыбритания, Германия, Жапония және Ресейдің озық тәжірибесі негізге алынды. Аталған елдерде басшылық құрам басқарушылық, техникалық дағдыларды, көшбасшылық қабілеттерді, шешендік өнерді дамыту бойынша жүйелі түрде оқытылады. Оқу бағдарламасы 3 айға есептелген, - деп жазды министр.
Факультет тыңдаушылары геосаясат, жобалық басқару, қызметкерлермен жұмыс, психологиялық дайындық, IT-сауаттылық, қаржылық сауаттылық пәндерін меңгеріп шығады.

Бұл ІІО қызметкерлеріне жалпы сауаттылықты, дүниетанымды арттыруға, басқарудың заманауи әдістерін, персоналмен жұмыс істеуді және қауіпсіздік саласындағы жоба-менеджменттің ерекшелігін білуге мүмкіндік береді. Курсты жақсы аяқтау - мансаптық өсу, ІІМ орталық аппараты департаменттерінің басшылары мен аумақтық бөліністердің бірінші басшылары лауазымдарына қызметке тағайындау кезінде өз септігін тигізетін болады, - деп жазды Ерлан Тұрғымбаев.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы