Полиция театрмен келісім жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Соңғы уақытта М. Есболатов атындағы Алматы академиясында бірқатар мекемемен серіктестік қатынастарды нығайту жұмыстары жолға қойылды, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі М.Есболатов атындағы Алматы академиясының баспасөз қызметі.

Оқу процесін жаңа деңгейге көтеру мақсатында жасалып жатқан мұндай игілікті іс-шаралар туралы ақпараттар еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында жүйелі түрде жарияланып келеді. Бүгінде академияның игі бастамаларына шетелдік баспасөз де назар аудара бастады.

Мысалы, аталған оқу орнының жуырда конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы мен ІІМ Алматы академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бұл ынтымақтастық меморандумында ғылыми-зерттеу, конфессияаралық және этносаралық келісімнің қазақстандық моделін ілгерілетуге бағытталған іс-шараларға екіжақты ақпараттық қолдау көрсету де көзделген. 

Сонымен қатар академия басшылығы тәрбиелік мәні зор атаулы күндерді атап өтуге зор көңіл бөлуде. Соның бірі – 2013 жылғы 21 мамырдан бері елімізде мерекеленіп келе жатқан Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Бұл атаулы күнді Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясы да талапқа сай атап өтті. Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев «Полицияның кәсіби шеберлігін оның ішкі мәдениетінен бөліп қарауға болмайды. Сондықтан қызметкерлердің мәдени деңгейін көтеру оқу жүйесінің бір бөлігі болуы тиіс» деген болатын. Осындай адами құндылықты арттыратын мәдени шараларға да баса көңіл бөлген Академия басшылығы жуырда ашылған жоғары басшы құрамды даярлау курсының тыңдаушыларына Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында Гаэтано Доницеттидің «Махаббат шырыны» атты туындысын тамашалауларына мүмкіндік тудырды.

Сондай-ақ ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясы мен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры басшылығы арасында академия тыңдаушылары үшін шығармашылық және мәдени орта қалыптастыруға және тараптар арасында бірлескен іс-шаралар өткізуге бағытталған меморандум жасалды. Меморандумға аталған театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының кандидаты Еркін Тілеуқұлұлы Жуасбек пен Академия бастығы, полиция полковнигі Айдар Мұтәлікұлы Сайтбеков қол қойды.

Академия тыңдаушылары мен ұжымы үшін есте қалар бір оқиға – Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР және КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімовпен өткен кездесу болды.

Бүгінде театр абызы атанып отырған танымал актер полиция қызметкерлеріне өнердің құдіреті туралы әңгімелеп, өзінің өнер жолынан естеліктер айтты.

Театр – тәрбие құралы. Қазақтың ұлы режиссері Шәкен Айманов «Театр – адамның өзін өзі сахнадан көріп, өзін өзі түсінетін орын» деп тегін айтпаса керек. Соңғы уақытта ішкі істер органдарында жүзеге асырылып жатқан реформаның басты бағыттарының бірі – «халыққа жақын полиция» десек, бүгінгі атқарылып жатқан шаралардың да басты мақсаты – халыққа жақындау, ертең сол халықпен бетпе-бет жұмыс істейтін полиция қызметкерлерінің рухани дүние танымын кеңейту, - деді Алматы академиясының бастығы, полиция полковнигі А.Сайтбеков.
Кездесу соңында академия басшысы қазақтың сүйікті актері Асанәлі Әшімовке алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.

Кездесу соңында академия ұжымы мен жоғары басшы құрамды даярлау курсының тыңдаушылары Н.Гогольдың «Үйлену» атты комедиялық спектаклін тамашалап, спектакль соңында өнер ұжымына Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың атынан ықылыс гүлін табыстады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы