Полиция, прокурор, сот. Үшеуінің құзырет шекарасы «шегенделеді»

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев «Жаңа заманға сай пенитенциарлық жүйе» халықаралық форумында айтты.

Қылмыстық процесс аясында қабылданатын шешім тікелей түрме жүйесінің жағдайына әсер етеді. Қазақстан гуманизация мен репрессивтілікті төмендету, жала жабуды азайтуды басымдыққа алып отыр. Ол үшін кезеңдеп әлемдік тәжірибе енгізіліп жатыр. Қылмыстық заңнама жаңартылып, тергеуге дейінгі тексеру институты жеңілдетілді. Тергеу судьясының тұлғасы пайда болды. Ол тергеу әрекеттерін санкциялайды, - деді Шыңдалиев.

Ол атағандай, өлім жазасынан бас тартып, пробацияның 4 формасы енгізілген.

Электронды қылмыстық істерді енгізіп жатырмыз. Биыл 80 мың іс электронды түрде тергеліп жатыр. Ол бойынша сот, прокурор мен адвокат үшін барлығы ашық болады. Былтыр қылмыстық процестің үш ауысымды моделін енгізуді бастадық. Полиция, прокурор, соттың құзыретінің шекарасын нақты ажыратып жатырмыз. Оны енгізуге дейін шетелдік тәжірибені меңгердік. Германия, Эстония, Грузия, Англия елдерінің тәжірибелері ескерілді, - деді ол.

Әсет Шыңдалиевтің айтуынша, жыл басынан бері прокуратура тергеу органдарының негізгі шешімдерін келісуге қатыса бастады.

Прокурордың мақұлдауынсыз мұндай істер заңдық күшке ие болмайды. Қазірдің өзінде әсер байқалып жатыр. Қателер аз, қағазбастылық пен заңсыз процестік шешімдер азайды. Барлық келісу үрдісі электронды форматта жүзеге асырылады. Қазір екінші кезеңге дайындалып жатырмыз. 2022 жылдан бастап тергеушілерден прокурорларға айыптау құзыретін тапсыруды жоспарлап отырмыз, - деді Бас прокурордың орынбасары.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы