Полиция қызметкері әкімшілік істерді автоматтандырудың жағымды тұстары жайлы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асқар Тәженов айтып берді.

Оның айтуынша, 2017 жылдың қазан айынан бастап әкімшілік істерді жүргізу барысы автоматтандырылды.

Мәселен өткен жылы полиция қызметкерлері шамамен үш миллионға жуық хаттама толтырды. Осы жылы 1,5 миллионға жуық хаттама толтырылды. Электрондық хаттамаларды рәсімдеу кезінде полиция қызметкерлері планшетті қолданады. Сонымен қатар қағаз жүзінде рәсімделетін әкімшілік істер де бар. Оларды сот органдары қарайды және интернет желісі ұстамайтын жерде толтырылатын хаттамалар, - деді ол.

Асқар Тәженовтің мәліметіне сүйенсек, әкімшілік істерді автоматтандыру хаттама толтыруды біршама жеңілдетті және мәліметтер базасы арқылы құқық бұзушы туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік берді.

Құқық бұзушы туралы толық мәліметтер жеке басын куәландыратын құжат номерін терген кезде автоматтандырылған реестерде шығады. Ол жерде көлігі, жүргізуші куәлігі, тұрғылықты жері мен бұған дейін салынған айыппұлдар туралы мәліметтерді көруге болады. Автоматтандыру процесі хаттаманы толтыру уақытын қысқартуға да мүмкіндік берді. Қағаз хаттаманы толтыру үшін 15-30 минут қажет болса, электрондық хаттаманы толыту үшін 5-7 минут уақыт кетеді. Сонымен қатар мәліметтер базада бар болғандықтан анкеталық мәліметтерде қате кетпейді. Құқық бұзушылық туралы мәлімет құқықтық статистика комитеті мен электрондық үкімет порталына келіп түседі. Бұл өз кезегінде азаматтарға айыппұлдарды уақытылы төлеуге мүмкіндік береді, - деді ол.

Ол сонымен қатар, жол көлік қозғалысын автоматтандыру жүйесінің жағымды тұстарына да тоқталды. Асқар Тәженовтің айтуынша, жолдағы тәртіпті 13 мыңнан астам камера бақылайды. Жол көлік қозғалысын бақылайтын камералар еліміздің барлық өңірлерінде орнатылған.

Жол көлік ережесін бақылауды автоматтандыру жүйесі жол көлік оқиғалары мен ережені бұзудың төмендеуіне мүмкіндік берді. Камералардың көмегімен жыл сайын 1,5 миллионға жуық жол ережесін бұзу фактісі анықталады. Полиция қызметкерлері анықтайтын барлық жол ережесін бұзу фактілерінің қырық пайызы осы камералар көмегімен анықталады, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы