Полиция қызметінің бастауы. Жедел басқару орталығы қалай жұмыс істейді?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Көзге көрінбейтін, бірақ үлкен іс тындырып жүрген мамандық иелері өте көп. Полиция десе, көз алдымызға бірден арнайы форма киген қызметкер елестейді. Ал сол форманың артында қандай қызмет атқарылып жатыр? Кімнің тағдыры шешіліп жатқаны баршамызға бірдей белгілі емес. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің Жедел басқару орталығындағы бейбіт күннің батырлары қалай жұмыс істеп жатқанына куә болу үшін арнайы барып, қызметіне терең бойлауға тырыстық.
Әрине, қызметтің мән-жайы мен қыр-сырын түсініп, сол жердегі қызметкерлерден ерекшеленбеу үшін арнайы киім үлгісін кидік. Органдардағы арнайы киім үлгісінің болуында да бір философия бар сияқты. Азаматтық киім мен арнайы форманың ерекшелігін айтпаса да түсінікті. Полиция формасы үнемі сергек жүруге ынталандыратындай көрінді.
Жедел басқару орталығы Ішкі істер органдарындағы алдыңғы қатарлы құрылым болып есептеледі. Елордалық Жедел басқару орталығының жұмыс істеп жатқанына 20 жылдан асты. Техникалық қамтамасыз етілген құрылымда жалпы полиция қызметі бастау алады. Яғни жұмыстың қайнар көзі.
Жедел басқару орталығында үш бөлім жұмыс істейді. Оған «102» желісі бойынша қоңыраулардың қабылдануы және осы қоңырауларға жедел әрекет ету жатады.
«102» мен екі мың
Тағдыр тәлкегіне түскен, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған, жол-көлік оқиғасына киліккен азаматтардың барлығы «102-ге» қоңырау шалады. Қиын-қыстау мезетте адамның тағдыры шешілетін бөлім де осы.
«102» желісі тәулік бойы қызмет етеді. 33-пульттегі оператор осы қызметте 2015 жылдан бастап еңбек етіп жатқанын айтты.
Ол атап өткендей, барлық түскен қоңырау міндетті түрде қабылданады. Хабарласушының шағымы «жеңіл» болып көрінсе де, ол ескеріледі.
Мысалы, кейде «құдықтың беті ашық жатыр» деп хабарласады. Біз оған «109-ға хабарласыңыз» деп айта алмаймыз. Қабылдаймыз. Негізінде басым қоңыраулар жол-көлік оқиғасы мен тұрмыстық жанжал, зорлық-зомбылыққа қатысты келіп түседі, - деді оператор.
Біздің көзімізше 33-пультке хабарласқан қала тұрғыны көршілерінің күндіз музыканың дауысын қатты қойғанын айтып шағымданды.
Заң бойынша дүйсенбі-жұма түнгі 22:00-ден таңғы 9:00-ға дейін, сенбі-жексенбі 23:00-ден таңғы 10:00-ға дейін тұрғындардың тыныштығы бұзылмауы керек.
Әрине, күндіз музыканың дауысын шамадан тыс шығарғандарға қатысты әрекет етеміз. Себебі егде жастағы адамдар хабарласады. Дицебелді есептейтін кездер болады. Осындай сынды қоңыраулар да көп болады. Қоңырау түскен кезде хабарласушының мәліметтері электронды картаға толтырылады. Оның санаты көрсетіледі. Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылық 31-санатқа жатады. Хабарласушымен сөйлесу кезінде оған сұрақ қою арқылы толық ақпарат алуға тырысамыз, - деді 33-пульттегі оператор.
Сондай-ақ оператор хабарласушы адамнан жедел жәрдем мен қосымша күштің қажеттігі туралы да ақпарат алады. Тіпті, төтенше жағдай мен медицина қызметкерлерінің оқиға орнына бағытталуы осы жерде басталады.
«102-ге» хабарласудың да шарықтау шегі болады. Күндізгі 3-4-ке дейін жұмыс қалыпты режимде жүреді. Ал әртүрлі қоңыраулардың басым бөлігі кешкі 18:00 мен түнгі 00:00 аралығында болады. Демалыс күндері де жұмыс «кептелісі» болады. Желі тәулік бойы тынымсыз қоңырау қабылдайтындықтан, қызметкерлер 12 сағаттан екі ауысыммен жұмыс істейді.
«102-ге» қоңыраудан бөлек SMS жолдауға да болады. Жедел басқару орталығы кезекші бөлімдерді басқару бөлімінің аға инспекторы Олжас Көпжасаров омниканалдық сервистің артықшылығы туралы айтып берді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында «102» мобильді қосымшасы жарты жыл бұрын іске қосылды. Осыған дейін қоңырау шалғандардан операторлар оның жеке мәліметтерін сұрап отыратын. Оған біршама уақыт кететін. Ал омниканалдық сервис аясындағы бұл қосымша арқылы видеоқоңырау немесе аудиоқоңырау шалған кезде қызметкерлер автоматты түрде оның нөмірі мен аты-жөні, мекенжайын біледі, - деді Олжас Көпжасаров.
«102» желісіне тәулігіне 2 мың қоңырау түседі.
«Елдегі қазіргі жағдай құқық қорғау органдарына жаңа талаптар қояды, олар азаматтардың сұраныстарына жауап беруі керек» деп атап өткен ел Президенті 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында полиция реформасы бойынша нақты міндеттер қойған еді.
«Әмір» мен әрекет
«102-ге» қоңырау мен SMS келді, яғни «әмір» түсті. Енді әрекетті кім жасайды?
«102» мобильді қосымшасына келген SMS пен қоңыраудың мәліметтерін оператор электронды картаға толтырады. Жалпы залда отырған қызметкерлер оны әрі қарай жүзеге асырады. Үрдіс ұзақ болып көрінгенімен, бұл істің барлығы жедел жүзеге асырылады.
Бізде күш құралдарын басқару тобында аға инспекторлар бар. Олар аудандар бойынша тіркелген. Оператордан кейін инспекторларға түскен соң, олар оқиға орнына полицияның кешенді күшін бағыттайды. Оған учаскелік инспектор, патрульдік полиция қызметі кіреді. Яғни олардың барлығы қоңыраудың санатына байланысты болады, - деді Олжас Көпжасаров.
Сондай-ақ аға инспекторлар бейнебақылау инспекторларына оқиға орнын видео арқылы барлауға бағыт береді. SMS-тің шынайылығын тексеру мен қылмысқа дейінгі кезең бойынша әрекет жасалады. Тәулігіне кезекшілікке 24 қызметкер шығады.
Әрине, штаттық режимде істейтін қызметкерлер де бар. Олар жоспарлау, жұмысты ұйымдастыру, өңірлік құрылымдардың жұмысын реттеумен айналысады.
Оператордан кейінгі межені санат бойынша жүзеге асыратындардың бірі – ЖБО-ның кезекші инспекторы Әбелдинов.
Келіп түскен хабарламаның санаты бойынша біз жасаққа жолдаймыз. Бұл нақты қылмыс туралы ақпарат болса, оған жедел тергеу тобын бағыттаймыз. Ал ақпаратты тексеру керек болса, автопатруль қызметіне жолдаймыз. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты болса, учаскелік инспекторларды бағыттаймыз. Ақпаратқа сәйкес, өңірлік құрылымдарды жедел әрекет етуге шақырамыз. Оқиға орнына автопатруль 5-7 минутта жетуі керек. Жедел тергеу тобы жарты сағат ішінде жетеді, - деді Әбелдинов.
Қылмыстың жасалуы туралы хабар жеткенде алдымен автопатруль қызметі барады. Кейін жедел тергеу тобы жетеді.
Мұндай қызметте күрделі қиыншылықтар да кездеседі екен.
Кейде хабарлаушы толық ақпарат бермейді. Кейбір адамдар жергілікті жерде бейімделе алмай, басқа мекенжайды беруі мүмкін. Ақпарат жеткізетін адам тыңғылықты, нақты айта алмайды. Осы сынды қиындықтар да жұмыста кездеседі, - деді ол.
Жүйе мен жүйке
Департаменттің жедел басқару орталығының (ЖБО) бөлім бастығы Лариса Чирва Жедел басқару орталығында 20 жыл жұмыс істейді.
Ол осы жұмысты жүзеге асыру үшін орталықтың техникалық мүмкіндігі барынша қолданылатынын айтты.
Бүгінде бейнебақылау жүйесі біздің мақтанышымыз деп те айтуға болады. Себебі қалада бақылау камералары орнатылған. Біз камералармен бақылап отырған кезде, жасақ оқиға орнына жетіп, әрекет етеді. Осы үздіксіз циклді ЖБО жүзеге асырады. Жол-көлік оқиғалары бойынша жұмыс істейтін қызметкер, қылмыс пен құқықбұзушылыққа дейінгі санат қамтылады. ЖБО-да жедел әрекет етуден бөлек өзге де қызмет бар. Қылмысты ашу бойынша жұмыс істейтіндер бар. Учаскелік инспекторлар мен тергеушілер, жедел-іздестіру тікелей ЖБО-мен жұмыс істейді, - дейді Чирва.
Бөлім бастығы атағандай, күн сайын осы қызметкерлермен 30-дан астам өтініш жүзеге асырылады.
Біздің қызметкерлер архивтік мәліметтермен де жұмыс істейді. Жалпы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеміз. Қалада өтетін спорттық, мәдени шаралардың барлығын бақылау камералары сүйемелдейді. Осы орайда ЖБО негізгі орган болып есептеледі. Осында ақпарат келіп түседі және осы жерден бағытталады, - деді Лариса Чирва.
Оның айтуынша, полиция жұмысы оңай емес. Себебі қоңырау шалатындардың басым бөлігі эмоцияға тұншығып, стресс күйінде болады.
Қарапайым мәліметтерді жеткізе алмай тұрады. Телефон тұтқасына жылап тұратындар, айғайлайтындар болады. Мұндайды есту операторларға да оңай тимейді. Осы қоңыраудан олар мәлімет алып, көмек жіберуі керек. Сондықтан қызметкерлердің психологиялық және заңдық дайындығы жақсы болуы керек. Кәсібилік те аса қажет. Оның үстіне барлығы жедел түрде жүзеге асырылуы керек. Жұмыс өте күрделі, - деді ол.Чирваның айтуынша, операторларға психологиялық тұрғыда оңай емес.
Себебі олар әркез бір қиындықпен жұмыс істейді. Эмоция шығаратын кездер болмайды. Үнемі үлкен қысымның астында отырады. «Хабарласушыға көмектесе алдық па?», «соңы немен бітті?», «ертең тағы қайталана ма екен?» деген сансыз сұрақтартың астында қалуы мүмкін. Өкінішке қарай, қылмыс пен құқықбұзушылық жоқ емес, бар, - деді ол.Лариса Чирва айтқандай, психологиясы әлсіз, тұрақсыз адамдар органда қызмет ете алмайды.
Егер де адам алғашқы жылдарда бұған шыдамаса, көп жағдайда жұмысын ауыстырады. Егер де мінез бен жүйке тұрғысынан осы жүйеде жұмыс істеуге дайын болсаңыз, жұмыс істеуге қауқарлы боласыз. Біз үнемі физикалық жаттығудан өтеміз. Кәсіби тұрғыда дағдыларымызды жетілдіріп тұрамыз. Полиция жұмысының ажырамас бөлігі психологпен жұмыс болып есептеледі. Себебі тек ЖБО-ның ғана жұмысы қиын деп айтуға болмайды. Тергеуші мен учаскелік инспектордың жұмысы да ауыр. Жедел-іздестіру қызметкерлерінікі де оңай емес. Сондықтан психолог көмегі керек. Кейде жеке қызметкерлерді қосымша жұмыс үшін өзіміз бағыттап жатамыз. Жүйке сыр бермеуі керек, хабарласып тұрған адамға эмоция көрсетпеу керек. Себебі ол біреудің тағдыры және өмірі, - деді ол.
Лариса Чирва жұмыстан серігіп, қалған уақытта немен айналысатынын да айтты.
Әрине, жұмыстан бөлек, әркімнің сүйікті ісі болады. Мысалы, мен волонтерлықпен айналысамын. Гүлдер мен жануарларды жақсы көремін. Осылайша, жұмыстан серігеміз, - деді жедел басқару орталығының (ЖБО) бөлім бастығы.
Әйел мен әлем
Байқағанымыздай, орталықта жұмыс істейтін қызметкерлердің арасында әйелдер де баршылық. Гендерлік теңдік сақталған.
Жұмыс үнемі мобильді болып, кәсібилікті шыңдауды қажет етеді. Жүйе орнында тұрмайды, себебі жыл сайын жаңашылдықтар енгізіледі. Цифрландыру да белсенді дамығандықтан, босаңсуға уақыт жоқ, сондықтан бұл қызмет үнемі тонуста болуды қажет етеді, - деді ол.
Лариса Чирваның айтуынша, әйелдер өзінің тіршілігінде олар үшін «алынбайтын қамал жоқ» екенін дәлелдеді.
Әйел үшін меңгере алмайтын мамандық жоқ екеніне көзіміз жетті. Органда жұмыс істеу күрделі. Алайда маман өз ісіне үлкен жауапкершілікпен, өзінің миссиясы ретінде қараса, кәсіби тұрғыдан шыңдалуға да, отбасына да, демалысқа да уақыт табады. Екі тарап бойынша да ешкім зардап шекпейді. Барлығын бірге алып жүруге болады. Мен 25 жыл органда жұмыс істеп келемін. Менің отбасым, балам да бар. Жұбайым да әскери құрылымда қызмет етеді. Өзімнің жұмысымды жақсы көремін, - деді ол.
Жедел басқару орталығының қызметімен танысқаннан кейін тәртіп сақшылары халықтың қорғаны деп айтуға болатынына көз жетті. «102» желісіне соғылатын бір қоңыраудың артында осындай командалық қызмет атқарылып жатқанын біле жүрейік.