Польшада Қазақстанмен ынтымақтастықты ілгерілету мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан елшісі Әлім Қирабаевтың Польша Сенатының төрағасы Томаш Гродзкимен кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар екіжақты қатынастардың, оның ішінде парламентаралық ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады.

Елші сұхбаттасушының назарына Қазақстанда жүргізілген қоғамдық-саяси реформалардың басымдықтары, сондай-ақ 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленген Парламент Мәжілісінің кезекті сайлауына қатысты дайындықтар туралы ақпарат ұсынды.

Отандық дипломат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауының негізгі бағыттарымен таныстырып, оның сөйлеген сөзінің поляк тіліне аударылған мәтіні бар кітапшасын тапсырды. 

Польша Сенатының Төрағасы Қазақстан Президенті бастаған реформалар процесін толық қолдайтындығын білдірді.

Кездесу соңында тараптар жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған байланыстарды, соның ішінде  екі ел арасындағы парламентаралық диалогты жалғастыруға уағдаласты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы