Пневмонияның алдын алу жолдары – маман кеңестері
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Соңғы күндері Қытайда анықталмаған этиологиядағы пневмонияның өршуі байқалғаны баршаңызға белгілі. Осыған орай, пневмония дегеніміз не және бұл аурудың алдын алу шаралары туралы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің маманы Нұрбала Бахтиярқызы әңгімелеп берді.
Пневмония-негізінен альвеолдарды зақымдайтын өкпе тіндерінің қабынуы. Пневмонияның басты себептерінің бірі-пневмококк инфекциясы, ал оның қоздырғышы – пневмококк. Ауру дене қызуының жоғарылауымен, кеуде тусының ауыруымен, қақырық мол бөлінетін жөтел сияқты белгілермен басталады. Диагностиканың негізгі әдісі флюорография-өкпенің рентгенографиясында қара жарықтар, сондай ақ қақырық дақтары болуы мүмкін, - дейді Нұрбала Бақтиярқызы.ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының баспасөз қызметі пневмонияның алдын алу үшін мамандардың кеңесін ұсынып отыр:
- тұрғын үй-жайды үнемі желдетіп отыру және таза ұстау;
- қозғалыс режимін сақтау: таза ауада серуенмен бірге қалыпты дене жүктемелері аурудың ықтималдығын төмендетеді;
- жалпы нығайтатын іс-шараларды жүргізу: профилактикалық массаж, шынығу, су процедуралары;
- салауатты өмір салтын ұстану: зиянды әдеттерден бас тарту, қалыпты дене жүктемелерімен толыққанды демалысты ауыстыру;
- тоңазудан аулақ болу;
- тыныс алу органдарының созылмалы ауруларын емдеу курсынан уақытында өту.
Нұрбала Бақтиярқызы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйене отырып, соңғы 20 жылда пневмониямен күрес және алдын алу шараларының тиімділігі туралы нақты деректер жинақталғанын атап өтті. Төмендегі шаралар пневмониядан болатын өлім-жітімді азайту ісінде табыс әкелетіні көрсетілді:
-вакцинациялау, соның ішінде steptoccuspneumoniae және Haemophilusinfluenzae типті инфекцияға қарсы вакциналарды пайдалану;
- баланы алғашқы алты айында тек қана омырау сүтімен емізу;
- туылған кезде дене салмағының төмендігін алдын алу және тамақтануды жақсарту;
- үй-жайлардағы ауаның ластануына қарсы күрес және салауатты ортаны қамтамасыз ету;
-АИТВ инфекциясының алдын алу және жүргізу.
Сонымен қатар, Нұрбала Бақтиярқызы пневмония – бүкіл әлемдегі балалар өлімінің басты себебі болып табылатын ауру екенін атап өтті. Егер тиімді шаралар кең ауқымда қолданылса және халықтың неғұрлым осал топтарын қамтыса, бес жасқа дейінгі балалардың қайтыс болуы жағдайларының көпшілігінің алдын алуға болар еді.
Қазақстанда вакцинацияның бірегей күнтізбесі бар, онда кең таралған ауруларға қарсы барлық белгілі вакциналар бар. Соның ішінде ең озық 13 – валентті пневмококкты инфекцияға қарсы вакцина бар, ол 13 аса патогенді серотиптерді, яғни пневмококкты қамтиды. Әр елдің өзінің бекітілген профилактикалық егу күнтізбесі болады. Еліміздің өмір сүру деңгейі жоғары болған сайын, егу жүргізілетін жұқпалы аурулардың тізімі кеңірек болады, - дейді маман.
Нұрбала Бақтиярқызы, Қазақстан Республикасының алдын алу екпелерінің Ұлттық күнтізбесі ДДҰ ұсыныстарына сәйкес келетінін,
көптеген дамыған елдердің, соның ішінде батыс елдерінің (Австрия, Израиль, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Түркия, Жапония) иммундау кестесіне ұқсас келетіндігін атап өтті.
Иммунитетті нығайту, вакцинация, ЖРВИ-ның алғашқы белгілері кезінде дәрігерге уақытылы қаралу, сондай-ақ ағзаны қорғаудың қосымша шаралары жөнінде емдеуші дәрігерден медициналық кеңес алу қажет. Азаматтардың денсаулығы тек 10% – ға ғана денсаулық сақтау жүйесіне, ал 50% -өмір салты мен адамдардың өз денсаулығына деген қамқорлығына байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан, денсаулығыңызды күтіп, сақтаңыз, өзіңізге қамқор болыңыз. Пневмониямен және де кез-келген аурумен күресудің ең тиіміді әдісі – алдын-алу шаралары екенін ұмытпаңыз. Аман-сау болыңыз,- деп түйіндеді Нұрбала Бақтиярқызы.