Плюрализмге ашық, радикализмнен қашық болуымыз керек – Президент
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында айтты.
Демократия деген желеумен, қоғамға іріткі салатын әрекетке жол берілмейді. Мұны естен шығармаған жөн. Плюрализмге ашық, радикализмнен қашық болуымыз керек. Біздің саясатымыздың басты ұстанымы - осы. Мен ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру туралы үнемі айтып жүрмін. Бұл – өте маңызды міндет, - деді ол.
Тоқаев реформалардың түпкі межесі ұлттық сапаны жақсартуға бағытталғанын айтты.
Себебі халқы мықты ел ғана, қуатты мемлекет құра алады. Ал ұлтымыздың кемелденуі үшін әрбір азамат өресі биік, парасатты болуға ұмтылуы керек. Яғни, сана өзгермесе бәрі бекер. Шын мәнінде, жаңғыру тәрбиеден бастау алады. Сондықтан біз ұрпақ тәрбиесіне аса мән бөлуіміз керек. Жастардың бойына ең ізгі қасиеттерді сіңіре білген абзал. Бұл адамгешілік пен имандылық, білімге құштарлық пен тиянақтылық, - деді Тоқаев.