Пітір садақасын барлық адам беруі міндетті ме?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Рамазан айында орындалуы тиіс құлшылықтардың бірі – пітір садақасы. Және де ол айт намазына бейін берілуі керек. Ал пітір садақасын елдің барлығы беруге міндетті ме?
Бұл сұрақ төңірегінде дінтанушы Жалғас Садуахасұлы пікір білдірді.
Пітірді жағдайы бар, отбасын асырап отырған, тұрақты айлығы бар адамдардың барлығы береді. Тек пақыр, міскін отбасын асырай алмай отырған жанға міндеттелмейді. Егер өзіңізді осындай топқа жатқызсаңыз, онда сізге пітір садақасын беру уәжіп болмайды. Пітір садақасын беру ер мен әйелге бірдей міндеттеледі. Әдетте отағасы отбасы мүшелерінің барлығы үшін өтейді. Ер жетіп бөлек отбасын кұрған балалары үшін пітір берілмейді. Олар өздері өз жанұясы үшін береді. Сол сияқты бой жетіп тұрмыс құрған қызы үшін де пітір берілмейді. Ол қыздың өз отбасы, төлейтін жары бар, – дейді дінтанушы.Оның айтуынша, көпшілігі пітір садақаның әдеттегі садақадан айырмасын біле бермейді.
Пітір садақаның әдеттегі садақадан айырмасы – рамазан айында тұтқан оразаның кем-кетігін толтыру. Пітір садақасын кедей мен мұқтаж жандарға беру арқылы Алланың мейірімінен үміт ету, ораза кезінде жіберіп қойған кемшілікті жою. Адам пітір садақаны осындай ниетпен береді. Сол себепті пітір садақасы кедей-кепшіктерге, пақыр мен міскіндерге беріледі. Алла Тағала Құранда: "Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар", – дейді (Әли Ғимран: 92). Өйткені ислам қоғам мүшелерінің арасындағы қарым-қатынастың жақсы болғанын және бай мен кедейдің, дәулетті мен мұқтаждың арасында достық пен сүйіспеншілік орнатуды мақсат тұтады, – дейді дінтанушы Жалғас Садуахасұлы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алматыда ШОБ саласында 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылады
Келесі жаңалық
Қазақстан мен Ресей агроөнім саудасын жеңілдетеді
Өзгелердің жаңалығы