Пітір садақа мен зекетті мобильді қосымшалар арқылы аударуға болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚМДБ төралқа мәжілісінің шешімімен, биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері – 370 теңге болып бекітілді.

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Рамазан айының пітір садақа мен зекетті мобильді қосымшалар арқылы аударуға болады. Бұл туралы ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен Рамазан айына қатысты баспасөз конференциясы барысында айтты. 
Біз ойлайн жүйеде садақа берудің оңтайлы жолын таңдадық. Мұсылман қауымы қасиетті айда мұқтаж отбасыларға зекет пен садақа беріп, халықтың батасын алып, алғысына бөленеді. Осы ретте Рамазан айында берілетін пітір садақасы мен зекетті "Kаspi", Халық банкі, "Qiwi" мобильді қосымшалары арқылы аударуға болады, қазіргі таңда басқа да банктермен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Мобильді қосымшаларға әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардағы орталық мешіттердің есепшоттары енгізілді. Әр азамат өз өңіріндегі мешіттің есепшотына пітір садақа мен зекетін үйден шықпай-ақ, онлайн режимде аудара алады,-деді ол.
ҚМДБ төралқа мәжілісінің шешімімен, биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері – 370 теңге болып бекітілді.
Пітір садақаның құны – екі келі ұнның республика бойынша есептегендегі нарықтың орташа бағасымен шығарылды. Ал, материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен де берсе болады. Өз қажеттілігін қоспағанда, мал-мүлкі, дүниесі, күміс нисабына жеткен, яғни,127 мың теңгесі бар адамға Рамазан айында өзі және отбасы үшін пітір садақа беруі міндет,-деді наиб мүфти.

Айта кетейік, бұған дейін  Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ауыз бекіткен жандарға азық-түлік жеткізіп берсе де, ауыз аштырғанның сауабын алуға болатынын айтқан еді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы