PISA: Ақтөбе облысы үздік бестікке кірді

Ақтөбе облысының PISA зерттеуіндегі көрсеткіші математикадан облыстар кесіндісіндегі позициясы артып, үздік бестікке кірді, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстың Білім басқармасына сілтеме жасап.

5 желтоқсанда 2022 жылы өткен PISA халықаралық зерттеуінің қорытындысы белгілі болған еді. PISA - білім беру ұйымдарындағы 15 жастағы оқушылардың оқу, математика және жаратылыстанудан білім жетістіктерін анықтайды, ол әр 3 жыл сайын өткізіледі. Қазақстан бұл зерттеуге алғаш рет 2009 жылы қатысқан.

Биыл Қазақстан 81 елдің ішінен алғаш рет ТОП-50 елдің қатарына кірді.

Еуропа экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының алғашқы мәліметтері бойынша еліміздің 2022 жылғы көрсеткіштері 2018 жылмен салыстырғанда 2 бағыт бойынша жоғарылаған: математикалық сауаттылықтан +2 балл, ғылыми-жаратылыстану сауаттылықтан +26 баллға, оқу сауаттылығынан айырмашылық жоқ.

Біздің облыстың көрсеткіштері 2018 жылмен салыстырғанда 3 бағытта да жоғарылаған. Әсіресе өсім жаратылыстану мен математикадан байқалады. Математикадан облыстар кесіндісіндегі позициямыз де артқан, үздік 5-тікке кіреміз, - делінген баспасөз хабарламасында.

Мемлекеттік тілдегі аймақтық нәтижелер, пәндік ерекшеліктер, жыныстық, қала-ауыл айырмашылықтар бойынша толықтырылған талдау күтіліп отыр.

Бұл зерттеуге кездейсоқ таңдаумен 32 білім беру ұйымы қатысты: 26 мектеп пен 6 колледж. 26 мектептің 10 (38,5%) – ауыл мектептері. Бұл нәтижелер дүйсенбі күні білім бөлімдері мен колледждердің басшыларымен өткен басқарманың аппараттық жиналысында талқыланып, 2025 жылғы PISA зерттеуіне, 2024 жылғы PBTS зерттеуіне дайындық бойынша нұсқаулар берілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы