ПИК жұмысына тұрғындардан көп арыз, шағым түскен

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Жандос Қайырханов онлайн брифинг барысында айтты.

2020 жылдың басында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заң күшіне енді. Осылайша қала тұрғындары ПИК орнына кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысанын, яғни мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) немесе көппәтерлі үйдің жай серіктестігін таңдауға міндетті. Жандос Қайырханов брифинг барйсында осыған байланысты жүргізілген жұмыстар туралы баяндады.

Оның айтуынша, қазір Алматыда 235 меншік иелері бірлестігі тіркелген және 325 жай серіктестікті тұрғындар басқару нысаны ретінде қабылдапты.

Қолданыстағы заңнамаға түзетулер 2020 жылғы 7 қаңтарда енгізілді. Ал заңға тәуелді актілер 2020 жылдың наурыз-сәуір айларында бекітілді. Осыған байланысты қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды іске асыру жөніндегі жол картасы қабылданды. 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі мерзімге пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің жиналыстарын өткізу кестесі бекітілді және жаңа нысандарға көшу сұрақтары бойынша тұрғындарға кеңес беру мен жиналыстарды өткізу үшін әр аудан бойынша аудан әкімдіктерінің, Тұрғын үй саясаты басқармасының мамандарынан тұратын мобильдік топтар құрылды, - дейді ол.

Сонымен қатар ол әрбір үйде Үй кеңесі болу керегін айтты. Ол кемінде үш адамнан тұрады және осы үй тұрғыны болуы шарт.

Енді бұрынғыдай ПИК болмайды. Сондықтан тұрғындар меншік иелері бірлестігін немесе жай серіктестікті таңдауы қажет. Тәжірибе көрсеткендей жай серіктестікті аз пәтерлі үйлер таңдауда. Ал меншік иелері бірлестігі үлкен үйлерге қолайлы деп есептейміз. Өйткені басым көпшілігі осы басқару нысанын таңдауда, - дейді ол.

Оның айтуынша, енді әрбір үйдің өз тексеру комиссиясы болады. Бұрынғы заң бойынша ПИК жұмысына тұрғындардан көп арыз, шағым түскен. Негізінен қаржы жағынан болыпты, яғни ашықтық болмаған. 

Бұрын бір ПИК-ке жүздеген үй қараса, соның барлығына бір шот қана болған. Оның үстіне тұрғындар уақытылы есеп ала алмаған. Сондықтан төленген төлемдердің қайда кетіп жатқанын білмеген. Сол себепті бұл заңға өзгерістер енгізілді. Енді әрбір үйде ағымдағы шот және жинақ шоты болады. Ағымдағы шот қазіргі жұмыстарға, ал жинақ шоты келешекте болатын күрделі жұмыстарға арналады. Жаңа заңға сәйкес тұрығындардың күрджелі жөндеу жұмысын жүргізу бойынша бірнеше жолы бар. Ол жинақ шоты, егер онда қаражат болмаса мемлекеттік бағдарламаға қатыса алады. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктерден несие алу арқылы үйге күрделі жөндеу жұмысын жүргізе алады, - дейді Жандос Қайырханов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы