Пиар ма, дипломатия ма? Трамп әлемдік бітімгер ретіндегі беделін қалай қалыптастырып жатыр

Таиланд пен Камбоджа арасындағы "бейбіт келісім" туралы Дональд Трамптың мәлімдемесі үлкен резонанс тудырды. Бұл оқиға іс жүзінде оның екінші президенттік мерзіміндегі сыртқы саясаттағы ең айқын қадамдарының бірі болды: Израиль мен Палестина арасындағы уақытша бітіммен қатар аталды.

Бір қарағанда, сөз аймақтық дауды реттеу жайлы сияқты. Алайда сарапшылар атап өткендей, бұл оқиғаның артында дипломатия, ішкі саясат және АҚШ президентінің жеке пиарының әлдеқайда күрделі үйлесімі жатыр. Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.

Дипломатия – сахна қойылымы сияқты

Саясаттанушы Ералы Нұржұманың айтуынша, Трамптың бітімгерлік бастамасы дәстүрлі сыртқы саясат құралдарының бүгінде медиа логикамен тығыз өріліп кеткенін айқын көрсетеді.

Бітім жөніндегі құжатқа қол қойылғаны Вашингтонның, шектеулі болса да, делдал рөлін сәтті атқара алғанын дәлелдейді. Бірақ Трамптың риторикасы, оның сөз сөйлеу мәнері мен алдын ала мұқият құрылған ақпараттық көрініс бұл оқиғаны тек дипломатиялық жетістік ретінде емес, сонымен бірге жеке саяси бейнесін қалыптастырудың бір тәсілі ретінде қабылдауға болатынын аңғартады, – деді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, Трамп халықаралық күн тәртібін өзіне арналған сахнаға айналдырды: мұнда әрбір келісім не келіссөздегі жетістік оның жеке брендінің бір бөлігіне айналады.

Оның "бітімгерлігі" – жай ғана сыртқы саясаттағы қадам емес, сот істері мен ішкі саяси дағдарыстардан кейін өзіне әлемдік лидер бейнесін қайта қалыптастырудың тәсілі, – деді ол.

АҚШ пен Қытай: тартыс территория үшін емес, сенім үшін жүріп жатыр

Нұржұманың айтуынша, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы “бейбіт келісімнің” мәні дауға қатысушы тараптардан гөрі, Вашингтонның өзі үшін әлдеқайда маңызды.

Бітімгершілік риторикасы АҚШ-қа соңғы жылдары Қытайдың ықпалы күшейген аймақта өз орнын еске салуға мүмкіндік беріп отыр. Оңтүстік-Шығыс Азия – Вашингтон мен Бейжің арасындағы стратегиялық бәсекелестіктің басты алаңдарының бірі. Сондықтан америкалықтар сын айту ғана емес, нақты дауларды шешуге қабілетті екенін көрсету арқылы саяси ұпай жинауға тырысады, – деп түсіндірді саясаттанушы.

Вашингтон іс жүзінде дипломатиялық құралдардың жаңа үлгісін қалыптастырып жатыр, онда "бейбітшілік" сөзі саяси маркетингтің бір бөлігіне айналған. Америкалықтар аймақтарға Қытай секілді инфрақұрылым не инвестиция ұсынбайды, оның орнына өздерінің басты идеясы – АҚШ тұрақтылық пен делдалдықтың кепілі бола алатынын көрсететін нарративті ұсынады.

Бұл – өте нәзік пиар тәсілі. Мұнда дипломатия сенім маркетингіне айналады. АҚШ бүгінде Қытай ұсынатындай мол ресурстар бере алмайды, бірақ Америка өзін тұрақтылықтың, демократиялық құндылықтардың және бейбіт делдалдықтың кепілі ретінде көрсететін оқиғаны, яғни өз нарративін ұсына алады, – деді Нұржұма.

"Бітімгер" Трамптың имиджі

Сарапшының пікірінше, Трамп өз саяси тарихын қайта жазуға тырысып жатыр. Оның қазіргі қадамдары – жай ғана дипломатиялық әрекет емес, қоғам санасында жаңа бейне қалыптастыру талпынысы. Яғни ол соғыс бастаушы емес, соғысты тоқтата алатын көшбасшы ретінде есте қалғысы келеді.

Алғашқы, даулы мерзімінен кейін және абыройына нұқсан келтіретін түрлі даулардан соң Трамп тарихта айқай-шулы популист емес, бейбіт келісімдер үшін келіссөз жүргізе алатын тұлға ретінде қалуға ұмтылып отыр. Бірақ дәл осы жерде мұндай бастамалардың әлсіз тұсы бар. Егер дипломатиялық үдерістер бір адамның амбициясына тәуелді болса, олардың ұзақ мерзімді болуы екіталай, – деп атап өтті саясаттанушы.

Қазақстанның рөлі: бейтараптық – стратегиялық таңдау

Саясаттанушының пікірінше, қазіргі жағдайда Қазақстан жаңа геосаяси тепе-теңдіктен өз пайдасына мүмкіндік таба алады.

АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекенің күшеюі түрлі ықпал орталықтарымен байланыс орната алатын бейтарап ойыншыларға сұраныс тудырып отыр. Қазақстан осы мүмкіндікті пайдаланып, өз делдалдық беделін күшейте алады. Бірақ бастысы – тепе-теңдікті сақтау және Вашингтон мен Бейжің арасындағы ақпараттық тартысқа араласпау. Бейтараптықтың құны оның шынайылығында, ал егер ол тек құралға айналса – мәні жоғалады, – деді Нұржұма.

Мұндай жағдайда Қазақстанның бейтарап ұстанымы стратегиялық артықшылыққа айналады: ел ешкімнің одақтасы емес, сенім алаңы ретінде қабылданады.

Бұл – АҚШ үшін өз ықпалын қайта арттыруға, Трамп үшін саяси тарихын жаңаша жазуға, ал әлем үшін – қазіргі саясаттың нәтижеден гөрі оның қалай көрінетіні маңыздырақ болып бара жатқанын еске салатын мысал.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы