16 Қараша 2026, 19:43 Фото: Kusoldharm Phuket Foundation

Пхукетте тұрғын үй өртеніп, 11 адам қаза тапты

Таиландтың Пхукет аралында бірінші қабатында мотоциклді жалға беру пункті жұмыс істеген, ал жоғарғы қабаттарында адамдар тұрған ғимарат өртенді.  11 адам қаза тауып, тағы 17 адам жеңіл жарақат алған, деп хабарлады Associated Press жергілікті билікке сілтеме жасап.

Өрт дүйсенбі күні, 16 қарашада түнгі сағат 2 шамасында басталған. Өрт сөндірушілерге тілсіз жауды сөндіру үшін шамамен бір сағат қажет болған. 

Пхукет полициясының бастығы Сурачай Суксайдың айтуынша, өрттің шығу себептері әлі анықталып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт басталар алдында ғимараттың жанында электр трансформаторы жарылған.

Пхукет губернаторы Чоднарин Кердсом жалға беру пунктінде 100-ге жуық мотоцикл тұрғанын, сондай-ақ газ, мотор майы, пластик пен шиналар сақталғанын айтты. Оның сөзінше, оттың соншалықты тез таралуына және түтіннің қалың әрі уытты болуына дәл осы жанғыш материалдар себеп болуы мүмкін.

Қаза тапқандардың бірінің денесі үшінші қабаттан, ал қалған 10 адамның мәйіті бесінші қабаттан табылды.

Пхукет – Таиландтағы ең танымал курорттардың бірі. Соның ішінде Қазақстаннан келген туристер арасында да үлкен сұранысқа ие. Қаза тапқандардың арасында шетелдіктердің бар-жоғы туралы әзірге мәлімет жоқ.