Бүгiн 2026, 12:55 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

PhD докторлар енді мектептерде жұмыс істей алады

PhD докторлар мектептерде жұмыс істеп, еңбек өтеу мерзімін өтейді.

Грант негізінде докторантураны (PhD) тәмамдаған түлектер енді мектептерде және өзге де білім беру ұйымдарында жұмыс істеп, міндетті еңбек өтеу мерзімін өтей алады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, осыған қатысты өзі ұсынған түзетулер заң ретінде қабылданған.

Бұған дейін грантпен оқыған докторанттар оқуын аяқтағаннан кейін жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында немесе мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге міндетті болған. Ал мектептер мен басқа да білім беру ұйымдарындағы еңбек қызметі міндетті жұмыс өтеу мерзімі ретінде есептелмейтін.

Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, бұл норма мектептерге білікті ғылыми кадрларды тартуға кедергі келтіріп келген.

Іс жүзінде мектептер мен басқа да білім беру ұйымдарына терең білімі бар PhD докторлар қажет еді. Алайда қолданыстағы талаптарға байланысты жас мамандар мектептерге жұмысқа бара алмайтын, себебі ондағы еңбек өтілі міндетті өтеу мерзімі ретінде саналмайтын. Біз бұл кедергіні алып тастадық, - деді депутат.

Оның пікірінше, қабылданған өзгерістер білім беру ұйымдарының кадрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, докторантура түлектерінің жұмыс орнын таңдау мүмкіндігі кеңейеді.

Мектептер мен білім беру ұйымдары мықты кадрлармен күшейеді. Балаларымыз заманауи зерттеушілерден тікелей дәріс алады, - деді Аймағамбетов.

Яғни енді PhD дәрежесін алған мамандар жоғары оқу орындарымен ғана шектелмей, мектептерде және басқа да білім беру ұйымдарында қызмет ете алады. Мұндай жұмыс міндетті еңбек өтеу мерзіміне толық көлемде есептеледі.

Депутат мықты ғалымдар мен зерттеушілердің тек жоғары оқу орындарында ғана емес, мектептерде де аса қажет екенін атап өтті.