Жамбыл облысында қауіпті індетке шалдыққандардың 12%-ы 14 жасқа дейінгі балалар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 10 қарашаға дейін Жамбыл облысында коронавирус инфекциясының 16101 жағдайы тіркелді. Соңғы тәулікте 20 науқас анықталған.

Биыл қауіпті індетке шалдыққандардың 12 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар екен, былтыр бұл көрсеткіш 5 пайыз болған.

Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Жамбыл облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликова мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы айларда аурушаңдық көрсеткіші төмендеген. Тамызда 5 289 коронавирус жағдайы тіркелсе, қазан айында 914 науқас анықталған. Яғни аурушаңдық 5,8 есеге азайып отыр.

 

Коронавирус инфециясымен күресудің бірден-бір тиімді әдісі – вакцинация. Аймақта бүгінге дейін екпенің бірінші компонентімен 18 жастан жоғары 568 143 адам, 2 компонентімен  459 027 адам қамтылды. Енді 12-17 жастағы жасөспірімдерге, жүктіліктің 16-37 аптасындағы әйелдерге және босанғанына 42 күн өткен емізулі балалары бар аналарға Pfizer өндірісінің екпесін егуге дайындық жүріп жатыр. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынды, - деді Нейли Орынбасарқызы.

 

Ол қазіргі уақытта жасөспірімдерді 12 жастан вакцинациялау әлемнің 20 елінде бар екенін айтты. Қытай Халық Республикасы 3 жастан, АҚШ 5 жастан асқан балаларды вакцинациялауда. Ал Канадада 12-17 жастағы жасөспірімдер коронавирусқа қарсы толық егілген. 

 

Бізде қауіпті инфекцияға қарсы екпе тегін және өз еркімен салынады. 12-17 жастағы балаларды вакцинациялау ата-ананың немесе заңды өкілінің жазбаша келісімімен жүзеге асады. Вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған. Жасөспірімдер білім мекемелерінің екпе пункттерінен немесе медицна ұйымдарынан екпе ала алады, - деді спикер.

 

Неили Орынбасарқызы елімізде ревакцинациялау шаралары қараша айының соңына жоспарланып отырғанын да мәлімдеді.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы