Петропавлдық зауыт жұмысшыларына арналған баспана салып жатыр
Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлдық трансформатор зауытының жұмысшылары баспанамен қамтамасыз етілмек. Құрылысы сәуір айында басталған көпқабатты үйде 104 отбасы қоныстанады, деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Нысан құрылысымен Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов танысты. Бұған дейін кәсіпорын 40 жұмысшыны жаңа пәтермен қамтамасыз еткен болатын. Ал 2024 жылы тағы бір көпқабатты баспана құрылысы басталмақ.
Жұмысшыларға әлеуметтік қолдау көрсету – зауыт басшылығының басты ұстанымдарының бірі. Нсында ең сапалы құрылыс материалдарынан салып отырмыз. Ол жұмысшыларға 10 жылға пайызсыз несиеге беріледі. Өте тиімді деп ойлаймын. Арнайы комиссия пәтерлердің болашақ иелерін анықтайды. Дені оңтүстік өңірлерден келген мамандарға беріледі. Қазірдің өзінде жаңа баспанаға ие болғысы келгендердің қатары қалың, – дейді зауыттың директоры Ерсұлтан Шәмшиев.
Зауытта 150 адам жұмыс істеп жүр. Оның 56-сы оңтүстік өңірлерден келген. Келер жылдың соңына дейін тағы 150 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Кәсіпорында шығарылған өнімнің 90 пайызы экспортқа шығарылады. Ералы Тоғжанов кәсіпорын жұмысына оң бағасын берді.