Елбасымен екі рет кездескен петропавлдық полицей естелігімен бөлісті
Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавл қалалық Полиция басқармасының жедел уәкілі Гариф Хамзаев Елбасымен екі рет кездескен.
Тәртіп сақшысы ол сәттерді өміріндегі тарихи оқиғаға балайды. Тұңғыш Президент күні қарсаңында Полиция капитаны өз естеліктерімен BAQ.KZ тілшісімен бөліскен еді.
ҚР Тұңғыш президенті күні – Петропавл қалалық Полиция басқармасының екінші полиция бөлімінің қызметкері, капитан Гариф Хамзаев үшін ерекше маңызға ие. 27 жасатағы солтүстікқазақстандық жедел уәкіл Елбасымен екі рет жүздескен. Ол бұл сәттерді жиі еске алатындығын айтады.
Жас маман бірінші рет 2017 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына кезекті жұмыс сапарымен келгенде кездескен. Петропавлда Александр Винокуров атындағы спорт сарайында Тұңғыш президенттің төрағалығымен өткен жиынға Қызылжар өңірінің белсенді жастары шақырылды. Олардың арасында ақ кителімен ерекшеленген полиция капитаны да болған еді.
Дәл сол 2017 жылы Гарифке тағы де Елбасымен кездесу бақыты бұйырады. Бұл жолы облыстық полиция ведомствосының белсенді қызметкері ретінде ол, Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған жастар форумына жолдама алған болатын.
Екі кездесудің де мен үшін маңызы жоғары. Бәрінен бұрын Елбасының өзін-өзі дамыту қажеттігі туралы айтқан сөзі ерекше әсер қалдырды. Болашақ – даму жолында алға ұмтылыс жасаған адамдардың қолында. Жедел уәкілдің жұмысындағы уақыттың тапшылығына қарамастан, мен жыл сайын "Парасатты полицей" республикалық конкурсына қатысып тұрамын. Бұл ішкі істер органдары қызметкерлері арасында мемлекеттік тілді дамыту аясында өткізілетін іс-шара. Ана тілім әзірбайжан тілімен қатар, қазақ және орыс тілдерін білемін, бұл өз кезегінде бірнеше ұлттың өкілі мекен өңірде қызмет бабымен қарым-қатынас жасауыма септігін тигізеді. "Парасатты полицей" - Абай мен Мағжан тілін тереңірек танып-білуге, әмбебап полицейдің қасиеттерін танытуға зор мүмкіндік береді, - дейді полиция капитаны.
Гариф Хамзаев өзін-өзі дамыту мәселелеріне жауапкершілікпен қарайды, оған дәлел - оның Солтүстік Қазақстан облыстық криминалдық полиция қызметкерлерінің арасында өткен "Үздік маман" байқауында жеңімпаз атануы. Қоян-қолтық ұрыс дағдыларынан, дене шынықтыру және атыс даярлығынан жоғары көрсеткішті, еліміздің заңдарын да жетік білетінін дәлелдеп, өзінің үздік екенін айқындады. Сондай-ақ, оны департамент басшылығы жастардың арасынан "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасына ұсынды.
Полиция капитаны Гариф Хамзаев өзінің міндеттеріне жауапкершілікпен қарайды, заңмен қорғалуға мұқтаж әрбір адаммен тіл табысуға тырысады. Өзінің кәсіби шеберлігін шыңдау үшін әр мүмкіндікті пайдаланады. Елбасы біліктілігі жоғары мамандардың жұмысына барлық жағдайлар жасалған мемлекет құрды. Гариф Хамзаев – ел болашағы үшін еңбек ететін жас қызметкерлердің бірі, – дейді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев.
Гариф Хамзаевтің ендігі арманы – Елбасымен тағы да жүздесу.