Петропавлдан Мәскеуге әуе рейсі ашылды
Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Петропавл халықаралық әуежайынан Мәскеуге тікелей қатынайтын әуе рейсі ашылды. Бүгін қызылжарлықтар Ресей астанасынан келген алғашқы ұшақты қабылдады.
Петропавл әуежайы бірнеше мың шақырым қашықтықты артта қалдырып, Мәскеуден ұшып келген әуе көлігін таңғы сағат 6:30-да қарсы алды. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихында екі қала арасында қатынайтын алғашқы рейс. «ИрАэро» әуе компаниясының ұшағы 100 орынға шақталған. Ұшақ екі мемлекет арасында аптасына бір рет, сәрсенбі күндері Петропавлдан Мәскеуге сағат 8:00-де ал Мәскеуден сағат 00:50-де әуеге көтеріледі.
«Бүгін Мәскеуден 22 адам ұшып келді. Ресейге қатынайтын алғашқы әуе рейсіне 33 билет сатылды. Екі жылдан бері біз «ИрАэро» әуе компаниясымен келіссөздер жүргізіп, бүгін нәтижесін көріп отырмыз. Бұл екі жақ үшін де, жолаушылар үшін де тиімді әріптестік», - дейді Петропавл халықаралық әуежайының директоры Марат Хасанов.
2017 жылы Петропавл әуежайы күрделі жөндеуден өтіп, халықаралық статусқа ие болған еді. Нысан шетелдерден келген ұшақтарды қабылдау үшін арнайы жабдықталды. Жолаушылардың қауіпсіздігі мәселесі басты назарда. «ИрАэро» әуе компаниясының ұшағының екінші пилоты Эдуард Пестов әр рейстің алдында әуе кемесін мамандар мұқият тексеретінін айтады.
«Екі ел арасында қатынайтын ұшаққа техникалық тұрғыдан ешқандай шағым жоқ. Ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Бұдан да алыс бағыттарға талай ұштық. Петропавл қаласына дейінгі алғашқы рейс болғасын жолаушылардың саны әзірге аз. Болашақта бұл көрсеткіш 100-ге дейін жетеді деген үміт бар», - дейді ол.
Қазақстандық мамандар жаңа рейске сұраныс болатынына сенімді. Билет бағасы - 47 мың теңге. Мәскеуге бет алған алғашқы рейске 33 адам жайғасты.
«Ресейге жұмыс бабымен кетіп барам. Турист ретінде Мәскеуді тамашаласам деген жоспарым да бар. Жаңа рейстің ашылғанына қуаныштымын. Билет бағасы да қымбат емес. Қаншама уақытты үнемдеуге болады», - дейді Әділжан Кәрімов.
Петропавл халықаралық әуежайы арқылы Қазақстан бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына арнайы рейс бар. Маусымның 8-інен бастап Петропавл - Шарм-эль-Шейх – Петропавл бағытында чартерлік рейс іске қосу жоспарланған.