11 Қараша 2026, 23:27
Фото: depositphotos.com
Петропавлдағы жиһаз цехында жұмысшы төрт саусағынан айырылды
Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Петропавл қаласында жиһаз цехында жұмыс істейтін 30 жастағы ер адам өндірістік жарақат алды. Ол дөңгелек арамен жұмыс істеу кезінде оң қолының төрт саусағынан айырылған.
Петропавл.news порталының жазуынша, оқиға 11 қарашада болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 1996 жылы туған жұмысшы құралмен жұмыс істеп жатқанда абайсызда жарақат алған.
Зардап шеккен азамат Петропавл қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізілді. Солтүстік Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқастың есі анық, жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде.