Петропавлдағы жарылыс: Зардап шеккендерге біржолғы көмек көрсетіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде Петропавл қаласындағы 5 қабатты тұрғын үйдегі ТЖ салдары және зардап шеккендерге көмек көрсету тақырыбында өткен брифингте Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков айтты.

Кеше қалада төтенше жағдай орын алды. Қаладағы екі мекемеге эвакуацияланған адамдар орналастырылды. Бұл – уақытша орын. Уақытша баспана беру туралы ақпаратты, тұрғындардан келіп түскен өтініштерге байланысты жедел түрде беріп отырамыз. Сондай-ақ адамдар ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Тәулік бойы медициналық бақылау өткізіліп жатыр. Сондай-ақ мердігер компанияны шақырдық. Қазір толық сараптама жасалып жатыр. Қазіргі күні мәселені шешу жан-жақты қарастылуда. Қазірдің өзінде 6 мердігер компания жұмыстарын жасауға дайын. Бүгін не ертең толықтай сараптама жасалады. Содан кейін мердігер компаниялар бүкіл жұмысты бастауға дайын, - деп атап өтті қала әкімі.

Оның сөзінше, жарылыстан зардап шеккендерге көмек көрсетіледі.

Бюджетте біржолғы берілетін қаражат бар. Сондықтан қазір тізім жасалып жатыр. Әрине мұқтаж әр азаматтың бәріне көмек беріледі. Көмек бюджет тарапынан да көрсетіледі. Одан бөлек қолұшын бергісі келетін кәсіпкерлер де бар. Сондықтан бірде-бір адам өз мәселесімен жалғыз қалмайды, - дейді Болат Жұмабеков.

Оның айтуынша, үй апатты емес, соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 2015 жылы жасалған. Жылу мен су жүйесі орталықтандырылған.

Зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсетілуі үшін «Петропавл қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ Театральная көшесі, 36 4 кабинетке жүгіну қажет. Байланыс телефондары: 400593, 400588.

Көмек көрсетілуі үшін қажет құжаттар:

- Жеке куәлік;

- ТЖД-нен өрт жайындағы анықтама;

- мүлікті жекешелендіру туралы анықтама (әлеуметтік көмек тек қана мүлік иелеріне көрсетіледі).

Айта кетейік, 100 АЕК (291 700 теңге) көлеміндегі көмек мүлік иесінің біреуіне беріледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы