Петропавлдағы қазақ драма театрының актерлері жаппай жұмыстан шығып жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ драма театрының алты бірдей актері жұмыстан шығу туралы арыз жазды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мәдениет қызметкерлерінің мұндай қадамға баруына баспана мәселесі себеп болған.
Қазақ драма театрының актерлеріне қазір сахналық қойылым емес, баспана мәселесі бас қайғы болып тұр. Өйткені төрт отбасы дәрігердің аядай үйінде тұрып жатыр. Оларға әкімдік өкілдері 2010 жылы сахналық қойылымдай салтанатты жағдайда пәтер берген. Алайда оны мәдениет қызметкерлері жекешелендіре алмапты. Енді үйді босатыңдар деген ескерту келе бастаған.
С.Мұқанов атындағы қазақ драма театрының актері Марат Ғайнуллиннің айтуынша, осы мәселе шешіледі дегеніне бірталай уақыт өткен.
Осы үйдің мәселесінің шешілмеуіне байланысты барлығымыз осындай әрекетке бара жатырмыз, шешіледі дегелі міне бірталай уақыт өтті, әлі шешілмей жатыр, - деді ол.Сонымен қатар театр актері Асылхан Разиев ешкімнің пәтері керек емес екенін, өзінің он жылдыққа берілген пәтерді ғана талап етіп отырғанын айтты.
Әйтпесе көбісі бізді дұрыс түсінбей отыр. Отырып пәтер талап етіп жатыр деп, жоқ, біз өзімізге тиесілі пәтерді ғана сұрап отырмыз, болды, - деді ол.Ашынған актерлердің арызына әлі қол қойылған жоқ. Театр басшылығы қызметкерлерді сабыр етіп, қызбалыққа салынбауға шақырып жатыр. Өйткені жиырма әртістің алтауы бірден жұмыстан кетсе, олардың орнына сахнаға шығатын адам табылмай қалады.
Өте қиын, қаншама актер режиссерлердің шақыртуымен келгеннен кейін енбек тұралап қалады. Сыздауықтың соқтасындай болған баспана мәселесін шешуге қазір мәдениет басқармасындағылар кірісті. Олар бірнеше жылдық еңбек өтілі бар актерлерге пәтер беру туралы қалалық әкімдікке хат жазған, - деді С.Мұқанов атындағы қазақ драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев.Облыстық мәдениет басқармасы басшысының м.а Досбол Әбдірісов қала әкімдігінен екі-үш бөлмелі пәтер баланстарында болып тұрғанын алға тартты.
Ертең қазақ театрының балансына тапсыру бойынша құжаттарды дайындаймыз, оны қазір екі актерге беруге дайын, ал қалған екі актерге пәтер босаған кезде беретін боламыз. Жекеменшікке айналдыруға болады деп сенімдеміз, - деді Әбдірісов.Егер баспана берілмесе, өнер адамдары басқа салаға немесе өзге өңірге қоныс аударуға бел буып отыр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Ұлттық банк коллекциялық монеталарды айналымға шығарады
Өзгелердің жаңалығы