Петропавлдағы ірі зауыттың бұрынғы директоры ұзақ мерзімге сотталды
Петропавл зауытының бұрынғы директорына қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚМА сілтеме жасап.
Петропавл ауыр машина жасау зауытының бас және атқарушы директорларына қатысты, сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде қозғалтқыштар мен гироблоктарды жеткізуді жүзеге асырған кәсіпкерге қатысты қылмыстық істі ҚМА тергеді.
2022 жылы зауыт Қорғаныс министрлігінен әскери техниканы жөндеуге тапсырыс алғаны анықталды, оны орындау кезінде жеке кәсіпкермен жалпы сомасы 283,3 млн теңгеге қосалқы бөлшектер жеткізуге шарт жасалды.
Орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және шартты орындау кезінде жалпы қамқорлығы үшін бас директор атқарушы директор арқылы кәсіпкерден 100 мың АҚШ доллары (45 млн теңге) сомасында пара алды.
Сотпен зауыттың бұрынғы бас директоры аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін 11 жылға, атқарушы директор - төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, мемлекет кірісіне 40 млн теңгеге пара сомасына сатып алынған пәтер тәркіленді. Қалған 5 млн теңге сотталғандардан тең үлестермен өндірілді.