Петропавлда жылына мың «Урал» мотоциклі шығарылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейлік Ural Motorcycles компаниясы Солтүстік Қазақстан облысында өз өкілдігін ашты, деп хабарлады облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысының міндетін атқарушы Дархан Амрин.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде ресейлік Ural Motorcycles компаниясының басшылығымен кездесу өтті.
Ural Motorcycles басшылығымен кездестік. Олар біздің өңірде «Урал» мотоциклдарын құрастыруды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жылына 1 мың данаға дейін мотоцикл шығару көзделуде. Бастапқы уақытта олар «Қазтехмаш» машина жасау зауытының базасына орналасады. Сонымен қатар, қазір резервтік алаң іздестіріп жатыр, - деді Амрин.
Қосымша алаң ретінде Киров атындағы зауыт пен бос аумақтар қарастырылып жатыр.
Оларға Qyzyljar арнайы экономикалық аймақтағы көлемі 160 гектар болатын бос жер телімі мен сәйкес жеңілдіктер ұсындық. Басқарма «ҚазақИнвест» ҰК АҚ, Арнайы экономикалық аймақ және Инвесторларға қызмет көрсету орталығымеен бірлесіп, идеядан бастап өнім шығарғанға дейін инвестициялық жобаларға қолдау көрсетуге дайын, - деді Амрин.
Жалпы компания өндірісті тұрақтандыру үшін солтүстікқазақстандық өнеркәсіп кәсіпорындарын қарастырып жатыр.
Бастапқы кезеңде олар жергілікті мамандардан құралған 25-30 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.