Петропавлда жер астынан жанармай аралас су шығып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавлдағы Ромашка саяжайында жер астынан жанармайға ұқсас су шығып жатыр. Тұрғындар оны бірнеше күн бұрын байқаған.

Бұл туралы  "Астана" телеарнасы хабарлайды .   

Біз бұл ұңғыманы бес жылдан бері пайдаланып келеміз. Бұрын-соңды мұндай болмаған. Қазір жанармай араласқан су монша мен құбырлардың ішінде толы. Егер қазір бұған от тисе, бірнеше саяжай лап ете түседі. Бізден 20 метр қашықтықта тұрған жанармай станциясы да жарылады, - дейді саяжай иесі Александр Черноморец.

Ал жанармай станциясының өкілі жерге ешқандай сұйықтық төгілмегенін айтады.

Біз резервуарларды тексеріп отырамыз. Оларға құйылатын жанармай түгел сатылып кетеді. Егер ол жер астына төгілсе, бізде жетіспеушілік пайда болар еді. Құзырлы органдар тексеріс ұйымдастырса, біз оған қолдау көрсетеміз, - дейді жанармай құю станциясы жүйесінің қондырғылар бойынша инженері Камиль Наргузин.

Экологтар судан сараптама алған. Тексеру жұмыстары басталған. 

Судың иісінен жанармаймен араласқанын анық көрінеді. Қазір зертханада судың құрамындағы мұнай өнімдері мен азот топтарының бөлшегін тексереміз. Оның қорытындысы 2-3 күннен кейін дайын болады, - дейді СҚО Экология департаментінің зертхана бөлімінің басшысы Дамир Жұмабаев. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы