Петропавлда заңсыз шұжық цехы анықталды: Өнім қайда сатылған?
Полицейлер ет өнімдерін заңсыз өндірген цехты анықтады. 41 жастағы қала тұрғыны үйрек етінен шұжық жасап, оны қайда саудалаған?
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел ақпаратты тексеру барысында Петропавл қаласындағы Жамбыл көшесінде ет өнімдерін заңсыз өндіретін цехты анықтады.
Ұйымдастырушының айтуынша, ол үйрек етін сатып алып, оны өңдеп, қаладағы базарларда саудалаған, - делінген Polisia.kz хабарламасында.
Заңсыз өндірісті ұйымдастырған 41 жастағы қала тұрғыны кәсіпкерлік қызметті заңсыз жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар ветеринариялық инспекция қызметкерлері оны ветеринариялық нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартты. Ал өндіріс жүргізілген жағдайлардың қауіпсіздігін бағалау санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлерінің құзыретіне жатады.
Полицейлер тұрғындарды азық-түлік сатып алу кезінде мұқият болуға, брендтік өнімдерді фирмалық дүкендерден алуға және тауардың заңдылығын растайтын құжаттарды талап етуге шақырады.