Петропавлда ұялы телефон сататын бутик пен ломбард өртеніп кетті

Петропавл қаласында орталық базар маңында орналасқан бутик пен ломбард өртке оранды. Оқиға бүгін күндіз сағат шамамен 12:00 кезінде болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД мәліметіне сәйкес, алдын ала болжам бойынша, өрт ломбард бөлімінен басталып, іргелес тұрған сауда орындарына тез тараған. Себебі дүкендер бір-біріне тым жақын орналасқан.

Интернациональная және Астана көшелерінің қиылысында орналасқан сауда бутигінде өрт шықты. Алдын ала өрт аумағы – 18 шаршы метр. Зардап шеккендер жоқ, – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Куәгерлердің айтуынша, бутик иесі бірнеше рет ғимаратқа қайта кіруге тырысқан (бейнежазбада көрінеді), алайда оны құтқарушылар мен полицейлер тоқтатып, қауіпсіз аймаққа шығарып үлгерген.

Өрт кезінде бутиктің бір клиенті де оқиға орнында болған.

Мен сатуға 800 мың теңгеге бірнеше телефон тапсырған едім. Енді маған келтірілген шығынды қалай өтейтінін білмеймін, – деді Петропавл тұрғыны.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өрттің нақты себептерін тексеріп, сауда нысандарының иелері келтірілген залалды есептеп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы