Петропавлда төтенше жағдай жарияланады
Петропавл қаласында болған алапат өрттен қалада төтенше жағдай жарияланады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төтенше жағдай жариялануына Петропавл қаласында аса ірі өрт болып, салдарынан тоғыз бірдей үй өртеніп, екі үй ішінара зақымдалуы себеп болған. Тілсіз жаудың салдарынан қырықтан аса адам эвакуацияланған.
Жергілікті атқарушы орган мәліметінше, үйлері өртенген тұрғындар 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 345 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек алады.
Қазір зардап шеккен азаматтар жалдамалы пәтерлерге орналастырылды. Тұрғын үйдің жалдау ақысы демеушілердің қаржысы есебінен төленіп жатыр. Бүгін алғашқы жұмыс күнінде үйлері өртеніп кеткен адамдардың құжаттарын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Құжаттары түгенделгеннен кейін 100 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек берілмек. Сонымен қатар төтенше жағдай жарияланғаннан кейін тәуелсіз сарапшылармен шығын көлемі есептеліп содан кейін мемлекет есебінен шығын толықтай үй иелеріне беріледі. Зардап шегушілердің шығынын өтеу үшін төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болдық. Әділет департаментіне төтенше жағдайды тіркеуге құжаттар жөнелтілді, - дейді Петропавл қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.
Еске салайық, 7 мамырда Петропавл қаласының шетіндегі қамыстан өрт шығып, қатты желден маңындағы үйлер бірінен соң бірі өртеніп кеткен.