Петропавлда май зауыты салынбақ
Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда майлы дақылдарды өңдейтін зауыт іске қосылмақ. Жаңа кәсіпорын жылына 500 мың тоннаға дейін рапс, зығыр және күнбағыс өңдейді. Жобаға 9 миллиард теңге инвестиция құйылмақ.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов «Маслодел» сүт өңдеу зауытының бас директоры Павел Селивановпен кездесті. Басқосуда кәсіпорынның өңірдегі даму перспективалары талқыланды. Биыл «Маслодел» серіктестігі Петропавл қаласындағы зауытында сүт өнімдерін өңдейтін жаңа желіні іске қоспақ. Бұл 36 мың тонна дайын өнім. Жалпы инвестиция құны 3 миллиард теңге. Қосымша 45 жаңа жұмыс орны ашылады.
«Маслодел» серіктестігі бүкіл елді Солтүстік Қазақстан облысының балдай қаймағымен қамтамасыз етеді. Оны сауда брендіне айналдырмақпыз. Болашақта кәсіпорынның қуаттылығын арттырып, жаңа желілер ашпақпыз», - деді сүт зауытының жаңа жобасын Құмар Ақсақаловқа таныстырған Павел Селиванов.
Майлы дақылдар өңдеу зауытының іргетасы келер жылы қаланбақ. Жаңа кәсіпорын 135 адамды жұмыспен қамтиды. Бюджетке жалпы сомасы 800 миллион теңге салық түседі.
«Өте маңызды жобалар. Біз бірнеше рет кездестік. Сіздің зауыттың жаңғыртылуы сүт өндірісінің ұлғайуына түрткі болады. Былтыр біз 4 сүт-тауар фермасын аштық. Биыл тағы 3 сүт кешен іске қосылады. Келесі жылға да осындай жоспар бар. Қазір біздің облыста өндірілген сүттің 44 пайызы өңделеді. «Маслодел» зауытының жаңа желісі іске қосылғанда, бұл көрсеткіш 50 пайызға жетеді. Оны жыл сайын ұлғайтуымыз керек. Біз өндіруді білеміз, бірақ өңдеуге көңіл бөлмейміз. Сондықтан, сүт, ет, бидай және майлы дақылдарды қайта өңдеу бағытын жалғастырамыз. Мемлекет тарапынан қолдау табасыз», - деді Құмар Ақсақалов.
Жиында айтылғанындай, Қазақстанда «Маслодел» зауыты сүт өңдеу саласында қуаттылығы жағынан екінші орында тұр. Кәсіпорын тәулігіне 320 тонна өнім әзірлейді.