Петропавлда мас күйде рөлге отырған жүргізуші ұсталды
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында мас күйде көлік басқарудың мыңға жуық дерегі анықталды.
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер мас күйде және көлік басқару құқығынсыз рөлге отырған жүргізушіні анықтады. Сағат 23:10 шамасында күнделікті рейд барысында қалалық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Петропавл қаласындағы Әуезов көшесінде Renault Logan автокөлігін тоқтатты. Рөлде қала маңындағы елдімекендердің бірінде тұратын 34 жастағы ер адам болған.
Медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын растады. Сонымен қатар жүргізушінің көлік басқару құқығы болмағаны анықталды. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Аталған баптың санкциясы 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алуды көздейді. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында мас күйде көлік басқарудың мыңға жуық дерегі анықталды.
Өңірде рейдтік іс-шаралар тәулік бойы жалғасуда. СҚО ПД мас күйінде көлік басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретінін ескертеді. «Заң мен тәртіп» қағидаты әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапкершілігін талап етеді.