Петропавлда қан тамыры бітеліп қалғандарға ота жасала бастады

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Тромбты алып тастағаннан кейін науқас тез айығып, қалыпты жағдайына келеді дейді мамандар.

Петропавлдағы кардиологиялық орталықтың ашылғанына 12 жылдан асты. Осы аралықта емдеу мекемесінің мамандары жүрекке ашық әдіспен ота жасауды, коронарлық қан тамырларына стенд, аортокоронарлық шунт қоюды еркін меңгеріп, жоғары деңгейде қолданып та жүр. 

Облысымызда  2008 жылмен салыстырғанда жүрек ауруына ұшырағандар арасында өлім бірнеше есеге азайды. Жүрек-қантамырлары кеселіне шалдыққан талай сырқат өлім аузынан аман қалды. Кейбіреулері әбден асқындырып, жүрек қалқаншалары бітеліп қалғанда ғана кардиохирургтердің көмегіне жүгінеді. Ауруханаға зембілде жеткізіп, өз аяғымен үйіне қайтқаны, жақындарымен қауышқанын көру біз үшін үлкен қуаныш. Орталықта 2009 жылдан бері жүрек, аяқ-қол, мойын артерияларына стенд, 2011 жылдан жүрекке электр кардиостимулятор қоятын жағдайға жеттік. Одан бері де қан қысымы түспейтін науқастар үшін бүйрек артерияларына ота жасау басталды, - дейді облыстық көпбейінді ауруханаға қарасты кардиология блогының басшысы Мақсат Құдратуллаев.

Орталықта жүрек қағысы өзгерген адамға электрофизиологиялық зерттеу жасайтын озық үлгідегі медициналық жабдықтар сатып алынды. Былтыр бір науқасқа 2 камералық электрокардиостимулятор қойылып, өмірі 12-15 жылға ұзарды. Бастапқы кезде жылына 20 аортокоронарлық шунт, 5 стенд қойылса, қазір бұл көрсеткіштер әлдеқайда артып, сәйкесінше 1800-ге және 650-ге дейін көтерілген екен. 

Мамандар арнайы оқудан өту үшін елде де, шетелдерге де барып, тәжірибе жинақтап, білімдерін шыңдауға мүмкіндік алған.  

Қазіргі кезде күрделі отаның бірнеше түрі жасалады. Былтырдан бастап ми қантамырларын диагностикалау ісі қолға алынды. Өңірімізде тұңғыш рет ми артериясының аневризмасы бойынша эндоваскулярлық ота өткіздік. Науқас инсульт алған кезде ми қантамырларында жарық сияқты бір кішкентай “қалташа” пайда болады. Сол жарылып кетсе, миға қан құйылу қаупі өсіп, өміріне әжептәуір қауіп төнеді. Платиналық спиральдар салып, «қалташаны» қан тамырлары жүйесінен алып тастайды. Осы әдіспен 16 адамға операция жасалып, барлығы сәтті аяқталды. Өткен жылдан қантамырлары бекітіліп, қалған науқастарға ота жасала бастады. Тромб алынғаннан кейін науқас бірден оңалып, күнделікті тірлікке тез оралады, - дейді Мақсат Құдратуллаев. 

Емдеу үшін қолданылатын құрал-жабдықтар космостық технологиялармен тығыз байланысты. Орталық мамандары ғарыштық аппараттар әзірленетін титан, кобальт, платина сияқты өте берік, төзімді материалдармен күнделікті жұмыс істейді.  Мысалға науқастың басына платинадан жасалған спираль орнатылады, ми артериялары тарылып қалғанда қан ағымын өзгертетін стендтер де жоғары сапалы металдардан жасалған. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы