Петропавлда инклюзивті білім беретін ресурстық орталық ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавлда №27 жалпы білім беретін мектеп базасында инклюзивті білім беруге арналған ресурстық орталық ашылды. 

Бұл ресурстық орталық – инклюзия қағидаттарын жүзеге асыруда мұғалімдерге көмек көрсету үшін және білім беруде ерекше қажеттіліктері бар балаларға сыныпта және мектепте кедергісіз орта қалыптастыру үшін құрылған мектеп кеңістігінің бір бөлігі.

Облыстық білім басқармасының деректері бойынша, Петропавлда білім алуында ерекше қажеттіліктері бар 1500-ден астам бала тұрады, оның ішінде 389 бала қала мектептерінде оқиды. Әрине, «ерекше» балалар мектеп пен оқытушылар құрамы тарапынан ерекше қарым-қатынасты талап ететіні сөзсіз. Атап алғанда әдістемелік, ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдау, қоршаған ортаға бейімдеу, жеке білім беру бағыттарын құру және кей жағдайларда арнайы мұғалімдердің қолдауы да қажет.

Бүгінде Петропавлда 2 ресурстық орталық, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істеуде. Олардың барлығы «Дара» ЖҚ жүзеге асыратын «Әр алуан – бірақ тең» жобасы аясында жұмыс істейді. Бұл жобаны біраз жылдар бойы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолдап келеді.

Инклюзивті білім беру - сапалы білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған білім беру жүйесіндегі негізгі трансформациялау бағыттарының бірі. Біз осындай ресурстық орталықтар мен түзету кабинеттерін өңірлерде ашудың және оларды қолдаудың қаншалықты маңызды әрі өзекті екенін жақсы түсінеміз. Қазіргі таңда «Дара» қорымен әріптестікте 14 ППТК және 16 инклюзивті білім беру ресурстық орталығы ашылды және нәтижесінде бүгінгі күні 10500-ден астам балаға қолдау көрсетілді, - деп атап өтті қордың ресми өкілі Мирас Іргебаев.

Инклюзивті оқыту физикалық, зияткерлік және басқа да ерекшеліктерге қарамастан, білім беруде ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу арқылы жалпы білім беру ортасына қосуды көздейді.

Ресурстық орталықтың қолдауымен білім беруде ерекше қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беретін мектептерге толық және тиімді түрде қосу бойынша, сондай-ақ даму ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істейтін педагогтарға және олардың ата-аналарына ғылыми-әдістемелік қызметтер кешенін көрсету үшін қажетті жағдайлар жасалады, сонымен қатар үйде оқитын балаларды әлеуметтендіру бойынша жұмыстар жүргізіледі, - деп атап өтті «Дара» қорының өкілі Сәуле Бексұлтанова.
      

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы