Петропавлда ер адам итке қатыгездік көрсетіп, қинап өлтірген
Қолында ас үй пышағы бар мас жүргінші итке шабуыл жасаған.
Петропавлда итті қинап, жануарға қатыгездік көрсету ісін тергеу аяқталды.
Полицияның мәліметінше, Барсик есімді ит Кәрім Сүтішев көшесіндегі көпқабатты үйдің ауласында өмір сүрген.
Үй тұрғындары ол үшін арнайы үйшік жасап, қамқорлық көрсетіп келген. Тұрғындардың айтуынша, ит бүкіл ауланың сүйіктісі болған және шынжырда байлаулы күйде тыныш жатқан.
Оқиға шамамен бір ай бұрын болған. Құқық қорғау органдарының деректері бойынша, қолында ас үй пышағы бар мас жүргінші итке шабуыл жасап, оған көптеген жарақат салған. Оқиғаның бәрі үй тұрғындарының көзінше болған.
Полицейлер күдіктіні анықтады. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған 47 жастағы Петропавл тұрғыны болып шықты. Тергеу барысында қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді.
Қазіргі уақытта жануарға қатыгездік көрсету және оның өліміне әкеп соғу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс соттың қарауына жолданды.
Еске салайық, бұған дейін Еділ Жаңбыршин жануарларды қатыгездікпен өлтіргендер 5 жылға сотталуы мүмкін екенін айтты.