Петропавлда емханаға келген ер адам дәрігерге қол көтерген
Қазір аталған дерек бойынша қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкеріне өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолдану фактісімен қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Петропавлдағы емханалардың бірінде науқас пен дәрігер арасында жанжал шығып, соңы медицина қызметкеріне күш қолданумен аяқталды. Оқиғадан кейін полиция қылмыстық іс қозғады.
Полиция мәліметінше, емханаға келген 51 жастағы қала тұрғыны дәрігермен сөзге келген. Арызда ер адамның медицина қызметкерінің ескертуіне агрессивті түрде жауап беріп, оның бетінен ұрғаны көрсетілген.
Қазір аталған дерек бойынша қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкеріне өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолдану фактісімен қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, бұл өңірде медицина қызметкеріне күш қолдануға қатысты тіркелген екінші жағдай. Бұған дейін маусым айында Шал ақын ауданында жол-көлік оқиғасы орнында көмек көрсетіп жүрген медицина қызметкеріне мас ер адам шабуыл жасаған. Сот оны 1,5 жылға бас бостандығынан айырған.
Полиция биыл Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты қорқыту немесе күш қолданғаны үшін жауапкершілікті қарастыратын 380-3-бап енгізілгенін еске салды.