Петропавлда «Бестемше» ұлттық ойыны жаңғырды
Петропавлда «Бестемше» деп аталатын қазақтың ежелгі ұлттық ойыны жаңғыртыла бастады. Баланың зердесін ашатын зияткерлік ойын қаладағы балабақшалардың бірінің оқу бағдарламасына енгізілген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Хабар24 жазды. Қазір тіпті өзге ұлт өкілдері де оған қызығушылық танытуда. «Бестемше» - ұмыт болып бара жатқан ұлттық ойындардың бірі. Ол тоғыз құмалақ секілді баланың ақыл ойымен санасын жетілдіріп, есепке жүйрік болуына ықпал етеді. Үш жастан асқан балабақша тәрбиленушілері бұл ойынды жақсы меңгеріп алған.
Мен бос кезде топта достарыммен бестемше ойнаймын. Маған бестемше өте қызық. Мен бестемшеде есеп шығарамын, ойлаймын, санды табамын. Бестемше- өте қызық ойын, - дейді балабақша тәрбиеленушісі Бейбарыс Қабдырақым.
Мектепке дейінгі тәрбие беретін мекеме баланың зердесін ашатын бестемшені былтыр қыркүйек айында оқу бағдарламасына енгізді. Ол үшін әдіскер мамандар арнайы шеберлік курстарынан өткен. Жарты жылдық еңбек зая кетпеді.
Мәселен жуырда Астана қаласында өткен жарыста солтүстік қазақстандық балақайлар жақсы нәтиже көрсетті.
Балалардың қызығушылығы өте үлкен. Олар үйлерінде ата- аналарымен бірге ойнайды. Тек ғана қазақ топтарының балалары ғана емес, сонымен қатар орыс топтарының балалары үлкен қызығушылықпен ойнайды. Олардың ата-аналары әр сәрсенбі күні келіп, бұл не деген ойын, қандай ойын деп келіп үйреніп жатыр, - деді балабақшаның қазақ тілі мұғалімі Роза Тайқошқарова.
Осылайша Солтүстік Қазақстанда ұмыт болып бара жатқан ұлттық ойын қайта жанданып, кеңінен насихатталып жатыр. Балабақша басшылығы қазір ойынның үлкен тақтасын арнайы жасатып жатыр. Ал онда өрендер топтасып бақ сынасады. Болашақта бестемшені өзгеде білім беру мекемелері тәжірибеге енгізуді жоспарлап отыр.